Марсқа ұқсайтын Маңғыстау: Туризмнің әлеуеті мен түйткілдері
АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» жобасының кезекті шығарылымы Маңғыстаудың туристік әлеуетіне арналды. Ақтаудан Кендірліге дейінгі бағытты қамтыған бағдарламада туризмнің дамуы мен әлі де шешімін күткен түйткілдер сөз болды.
Каспий жағасындағы демалыс
Ақтауға келген мейманның алғашқы аялдайтын орындарының бірі – «Жартасты соқпақ». Таң шапағы білінгеннен жағажайда тіршілік қызады. Бірі Каспийге қайықпен серуендеуге асықса, енді бірі теңіз жағасындағы таңғы тыныштықтан ләззат алады.
Қайықпен серуендеу бір адамға – 5000 теңге, ал толық жалдау құны – 20 мың теңге. Каспий толқынын тіліп өтетін су көліктеріне де сұраныс жоғары. Алайда көркем көрініске соқпақ маңындағы құрылысы аяқталмаған көпір кереғар әсер қалдырады.
Соған қарамастан, Ақтаудың туристерді қызықтыратын мүмкіндігі аз емес. Солардың бірі – «бәрі қамтылған» (All Inclusive) жүйесімен жұмыс істейтін бес жұлдызды қонақ үй. Мұнда Каспиймен астасқан бассейн, мейрамханалар, жасыл желекке көмкерілген демалыс аймақтары мен түрлі ойын-сауық орындары бар.
Қонақтар теңізге шомылып, фитнеспен айналысып, аттракциондарда демалып, уақытын мазмұнды өткізе алады. Бір сөзбен айтқанда, бұл – Каспий жағасындағы шағын оазис.
– Шетелдік туристер жиі келеді. Олар көбіне жұмысшыларымызды мақтайды. Мамыр айында Ресейдің Уфа қаласынан 20-ға жуық турагент келген болатын. Олар алдымен біздің қонақжайлығымызды ерекше айтты, – дейді қонақ үйдің маркетинг менеджері Әнел Аманбек.
Қонақ үй ұжымының сөзін көрсеткіштер де растайды. Былтыр мұнда 120 мыңнан астам адам демалған. Чартерлік рейстердің көбеюі шетелдік туристер ағынын арттырған.
Ақтаудың ерекшелігі жағажаймен ғана шектелмейді. Қаладан алысқа шықпай-ақ ұлттық нақыштағы глэмпингтерді көруге болады. Мұнда қазақтың киіз үйі заманауи жайлылықпен үйлесіп, қонақтарға ерекше әсер сыйлайды. Ал өңірге келген туристер арасында фишбармақтың дәмін татуға қызығушылық жоғары. Күнге қыздырынып, теңіз жағасында тынығып, кешкісін қайықпен серуендеп, күн батар шақта фишбармақ пен ыстық шайдан дәм тату – Маңғыстау сапарының ұмытылмас әсерлерінің бірі.
Жағажайдағы түйткіл: құрылыс пен қоқыс
Қаланың орталығынан сәл ұзай бере құрылыс жүріп жатқан аумақ көзге түседі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, құрылыс алаңы қоршалмаған, ал нысанның қандай жоба екені мен оған қатысты құжаттар көпшілікке көрсетілмеген.
– Кімнің не салып жатқанынан бейхабармыз. Қашан қолданысқа берілетіні де түсініксіз. Ең бастысы, құрылыс жүргізіп жатқан компанияның рұқсаты бар ма, жоқ па белгісіз, – дейді жергілікті белсенді Мұхтар Үмбетов.
Құрылыс аумағынан әрі қарай бұрынғы ақысыз жағажай орналасқан. Қазір бұл жер қараусыз қалған. Демалушыларға арналған инфрақұрылым жоқ, айналаға қоқыс шашылған. Тұрғындардың сөзінше, кезінде көпшілік еркін демалатын орын бүгінде жабайы жағажайға айналып кеткен.
Джип-турлар туризмге серпін берді
Маңғыстауға келген туристер үшін теңіз жағалауымен шектелмейтін ерекше бағыттар да бар. Соның бірі – өңірдің таңғажайып табиғатын жол талғамайтын көлікпен аралауға мүмкіндік беретін джип-тур.
Бұл бағыт соңғы жылдары шетелдік қонақтармен қатар, отандық саяхатшылар арасында да сұранысқа ие.
– 2020 жылы пандемия уақытында жеке шаруашылықты дамытқым келді. Осылайша туризм саласына келдім. 2022 жылы алғашқы визит-орталықты аштық. 2023 жылдан бастап туристерді тасымалдауды бастадық, – дейді кәсіпкер Ербол Байжігітов.
Кәсіпкер ашқан визит-орталық өңірге келген саяхатшылар үшін алғашқы ақпараттық нүктелердің біріне айналып келеді. Қазір орталық күніне 50 адамға қызмет көрсете алады. Мұнда туристер маршруттар, көрікті орындар мен көрсетілетін қызметтер туралы қажетті мәлімет алады. Алдағы уақытта қызмет көрсету әлеуетін күніне 250 адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Бозжырадан Қызылкүпке дейінгі саяхат
Бағдарлама жүргізушілері Маңғыстаудың ең танымал табиғи орындарының бірі – Бозжыраға да барды. Ақ жартас пен асқақ шың көмкерген мекенге келген жан өзін басқа әлемге түскендей сезінеді. Дегенмен табиғаттың сұлулығына қарамастан, туристерге арналған инфрақұрылым әлі де жеткіліксіз. Қоршаулар мен демалуға арналған орындықтар жоқ.
Бозжырадан кейін бағыт Қызылкүп шатқалына жалғасады. Бүгінде әлеуметтік желілерде кеңінен танылған орын бұрын көпшілікке беймәлім еді. Оған жететін жолдың қиындығы туристердің келуіне кедергі болған. Тек 2010 жылдары Бекет ата жерасты мешітіне баратын жол жөнделіп, құрылысқа қажетті материалдар осы шатқалдан алынғаннан кейін жол ашылды. Ал 2020 жылы пандемия кезінде ішкі туризмнің қарқын алуымен Қызылкүпке келушілер саны күрт артты.
Түрлі түсті шөгінді жыныстардан құралған шатқалдың көрінісі ерекше. Ақ, сары, қызыл және қоңыр түсті қабаттар бір-бірімен үйлесіп, қайталанбас табиғи панорама қалыптастырған. Бұл реңк әртүрлі минералдар мен ежелгі теңіз шөгінділерінің әсерінен пайда болған. Ақ қабаттар бордан түзілсе, қызыл түсті темір минералдары береді. Осы ерекшелігіне байланысты туристер бұл жерді бейресми түрде «Тирамису» деп те атап кеткен. Ал Қызылкүп атауы маңайдағы су қоймасынан шыққан деген дерек бар.
Миллиондаған жыл бұрын мұхит табаны болған өңірден ежелгі акулалардың, гиппариондардың және басқа да жануарлардың тасқа айналған қалдықтары кездеседі.
– Өңірімізде тазалық қалыптасып жатыр. Инфрақұрылым жайлы. Жаңаөзеннен Бекет атаға жететін жол бар. Ал бұл жақ сол маңайға жақын, – дейді блогер Нұркен Тәжібай.
Маңғыстаудың табиғаты шетелдік туристерді де қызықтырады. Соның бірі – Германиядан бал айын өткізуге келген Тим мен Ева.
Олар өңірді арнайы жабдықталған көлікпен аралап жүр.
– Біз бірнеше елде болдық. Алайда Қазақстанның, соның ішінде Маңғыстаудың қонақжайлылығына тәнті болдық. Жергілікті тұрғындар көлігіміз бұзылғанда көмектесті, үйлерінде ас ішіп, қонақтауға рұқсат берді, – дейді туристер.
Қонақжайлық олардың сапарында ерекше әсер қалдырған. Тазалық та көңілдерінен шығыпты.
– Германия – әлемдегі ең таза елдердің бірі. Алайда оның қасында Қазақстанды лас деуге келмейді. Жақсы әсер қалдырды, – дейді Ева.
Алтын құмға ағылған туристер
Келесі бағыт – Ақтаудан шамамен 80 шақырым жерде орналасқан Сенек ауылы. Бұл жерге арнайы джип-турлар ұйымдастырылады. Ауыл маңындағы ұзындығы 8 шақырымнан асатын алтын түсті құм алқабы экстремалды демалысты ұнататын туристердің қызығушылығын арттырып отыр. Мұнда келушілер құм үстінде сырғанап, квадроцикл айдап, жол талғамайтын көлікпен ерекше әсер ала алады. Туристер санының артуына байланысты ауылда жаңа демалыс базасын салу жоспарланып жатыр.
– Келетін қонақтар көбіне квадроцикл алады. Бозжыраға жақын орналасқандықтан бізге келетін қонақтардың қарасы көп. Көбіне демалыс орнын сұрап жатады. Қазір өз қаражатымызға құрылыс бастадық. Алайда мемлекеттен көмек болса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді кәсіпкер Айжан Нысанбаева.
Алайда Сенектегі тағы бір өзекті мәселе – көшпелі құм. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бір кездері құм массиві ауылдағы бейіттерге, ескі мектепке және тұрғын үйлердің аулаларына дейін жақындаған. Бұған кезінде өңірде қалың өскен сексеуілдің отынға көптеп шабылуы себеп.
Құм көшкінін тоқтату үшін бүгінде 740 гектар аумаққа сексеуіл, жүзген және басқа да шөлге бейім өсімдіктер отырғызылып, қорғаныс белдеуі жасалған. Алайда кейбір жерлерде жас көшеттерді мал таптап кеткендіктен, олар толық өсіп үлгермеген. Сондықтан мұндай учаскелер қоршауға алынып, қорғаныс белдеуін күшейту жұмыстары жалғасып жатыр.
Табиғат жауһарына төнген қауіп
Келесі бағыт – Қарақия ойпатында орналасқан Ыбықсай шатқалы. Ақтаудан шамамен 60 шақырым жердегі бұл табиғат ескерткіші миллиондаған жыл бойы жел мен жауын-шашынның әсерінен қалыптасқан. Жұмсақ жыныстардан түзілген шатқалдың қабырғалары табиғи өрнектерге ұқсайтын бедерлерімен және лабиринт тәрізді соқпақтарымен ерекшеленеді. Дегенмен бұл жерге жету оңай емес. Туристерге бағыт көрсететін арнайы белгілердің жоқтығынан көпшілік жолдан жаңылып жатады.
Табиғаттың бірегей туындысына тағы бір қауіп – вандализм. Мыңдаған жылдар бойы сақталған жартастарға келушілер өз есімдерін ойып жазып кеткен.
– Мыңдаған жылдар бойы сақталған табиғат жауһарына Рахым, Сырым деп есімдерін қалдырып кеткен. Ежелгі адамдар секілді қашап жазған. Мұның барлығын арнайы мамандарды шақырып, ретке келтіру қажет. Бұл – үлкен жұмыс, – дейді блогер Азамат Сәрсенбаев.
Тазалық мәселесі де өзекті. Аумақта қоқыс жәшіктері болғанымен, айналада пластик қалдықтары шашылып жатыр. Табиғи мұраны сақтауда инфрақұрылымды жақсартумен қатар, туристердің экологиялық мәдениетін қалыптастырудың да маңызы зор.
Кендірлі: Тазалықтан басталған туризм
Келесі бағыт – Кендірлі жағажайы. Ұзындығы 60 шақырымға созылатын жағалаудың 3 шақырымы кәсіпкерлердің қарамағында. Бұл аумақта тазалыққа ерекше көңіл бөлінеді.
Апта сайын ұйымдастырылатын сенбіліктерге жергілікті тұрғындар мен жастар белсенді қатысып, жағажайды күтіп ұстауға үлес қосып келеді.
– «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілікке 300-дей адам қатысады. Олар – осы өңірдің тұрғындары, жастар, – дейді Кендірлі ауылы әкімінің орынбасары Ақберен Берқалиев.
Кендірліде тазалыққа ғана емес, болашақтағы туризмді дамытуға да басымдық беріліп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Кендірлі» курорттық аймағының бас жоспары әзірленіп, инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталған. Жоба толық жүзеге асқанда мұнда жылына 300 мың туристі қабылдай алатын заманауи туристік қала бой көтеретін күн алыс емес.
Маңғыстау туризмі: Даму мен жауапкершілік
Бозжыраның бірегей табиғаты, киелі орындары мен Каспий жағалауы Маңғыстауды еліміздегі ең тартымды туристік бағыттардың біріне айналдырып отыр. Алайда туристер саны көбейген сайын инфрақұрылымды жетілдіру, жолдардың сапасын жақсарту, сервисті дамыту, тазалықты сақтау және табиғи ландшафттарды қорғау мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Осы өзекті мәселелерге қатысты бағдарлама жүргізушісі әкімдік өкілімен тілдесті.
Әкімдік мәліметінше, Бозжырада туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жақын арада қоршаулар орнатылады. Сондай-ақ жыл соңына дейін бұл бағыттағы жол құрылысы толық аяқталмақ. Ал Ақтау жағалауындағы заңсыз деп танылған көпір сүріліп тасталды.
Бұдан бөлек, Ыбықсай аумағын кәсіпкерлердің басқаруына беру жоспарланып отыр. Бұл қадам туристік нысанның күтімін жақсартып, тазалықты тұрақты сақтауға, сервисті дамытуға және өңірдің туристік әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сарапшылар не дейді?
Бағдарлама дәстүріне сай сапар соңында сарапшылар Маңғыстау облысының туристік әлеуетіне баға беріп, өңірдің басым тұстары мен әлі де жетілдіруді қажет ететін бағыттарды саралады. Олардың пікірінше, Маңғыстаудың табиғи мүмкіндігі жоғары болғанымен, инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын дамыту жұмыстары қатар жүруі тиіс.
Туризм саласының сарапшысы Жұлдыз Рахметтің айтуынша, облыс ішіндегі автомобиль жолдарының сапасы жақсы. Алайда туристік нысандарға апаратын дала жолдары әлі де қолайсыз.
– Экологиялық туризм болғандықтан, мұндай жолдардың болуы заңдылық, – дейді сарапшы.
Ал С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры Әбділдә Мейірбеков өңірде туристік мәдениетті одан әрі қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі Жайнагүл Қаппасова Маңғыстаудың табиғи-эстетикалық әлеуетіне жоғары баға берді. Сонымен бірге туризмнің тұрақты дамуы үшін экологиялық мәдениет пен сервистік қызмет көрсету сапасын жетілдіру қажеттігін айтты.
– Экологиялық мәдениетті арттыру керек, сондай-ақ сервистік қызмет көрсету саласын да ілгерілету артық етпейді, – деп есептейді ол.
Осылайша, сарапшылардың қорытынды бағалау нәтижесінде Маңғыстау облысы 24 ұпай жинады.
Еске салайық, бұған дейін бағдарлама жүргізушілері Алматы облысын аралады.