Мас күйінде рульге отырған БҚО тұрғыны өмір бойына көлік басқара алмайды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері мас күйінде автокөлік айдаған 39 тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

алкоголь
Фото: Pexels

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, осы орайда Сырым аудандық соты ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігіне (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік мас күйдегі адамның автокөлік айдауы) сәйкес қылмыстық іске нүкте қойды.

Бұған дейін сотталушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес 15 тәулікке қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге, яғни 2030 жылғы 11 сәуірге дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Соған қарамастан, одан тиісті қорытынды шығармай, мас күйінде көлік айдап, қылмыстық құқық бұзушылыққа барған.

— Сот мемлекеттік айыптаушының пікірін ескере отырып, аталған тұрғынды көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырды. Оған қоса бір жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да прокуратура қызметкері өзіне-өзі қол жұмсағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар