Масаң күйде ұсталған имамның не ішкені туралы ақпарат жоқ – ҚМДБ
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбетті тәртіп сақшылары Бурабайдағы «Регион» түнгі клубының жанында «Хайландер» көлігімен кетіп бара жатқанда қолға түсірген. Кейін өңірдің бас имамы жұмыстан қуылды.

Оқиғаның мән-жайын білу мақсатында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына редакциялық сауал жолдаған едік.
«Қостанай облысы бойынша бұрынғы өкіл имам Бақытбек Тәжімбеттің Бурабайда қандай сусын ішкендігі жөнінде бізде нақты ақпарат жоқ», - дейді Діни басқармадан.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде тараған жазбада имам тәртіп сақшыларына қымыз іштім деген.
Осы орайда ҚМДБ, қымыз – биенің сүтінен дайындалатын табиғи өнім және ежелден келе жатқан қазақтың дәстүрлі сусыны болғандықтан ислам шариғаты қымыз ішуге тыйым салмайтындығын хабарлап отыр.
«Бақытбек Тәжімбетке қатысты оқиғаға байланысты Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы төрағасының бастамасымен имамдарға қызметтік этика, дін ісінің және жамағатпен жұмыстың жауапкершілігі жөнінде арнайы жиналыс ұйымдастырылып, насихат айтылды. Дін қызметкерлеріне, облыс бас имамдарына нақты тапсырмалар беріліп, руханият ісіне ыждаһаттылықпен қарауға шақырылды», - делінген ресми ақпаратта.
Діни басқарманың мәліметінше, имамдар мен мешіт қызметкерлерін жұмысқа қабылдау үшін қойылатын талаптар 2023 жылғы 15 наурызда Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы ғұламалар кеңесінің XXXVII мәжілісінде бекітілген «Діни қызметкерлердің лауазымдық міндеттері» атты концептуалды құжатпен реттеледі. Аталған құжат ҚМДБ-ның ресми сайтында (muftyat.kz) қолжетімді.
Еске салсақ, 25 шілдеде Бурабайда масаң күйде көлік жүргізген Қостанайдың бас имамы ұсталғанын жазған болатынбыз. Полиция өңірдің бас имамына қатысты әкімшілік хаттама толтырған.
Сол күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мас күйінде ұсталған Қостанай имамын жұмыстан шығарғанын хабарлап, елден кешірім сұрады.
Одан бөлек, масаң күйде ұсталған имамның 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айрылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.