Машина жасаушылар одағы білікті мамандарды даярлауды қолға алуы тиіс - Үкімет басшысы
Оның айтуынша, мұнай-газ, тау-кен, энергетика және ауыл шаруашылығы өнеркәсіптеріне қажетті машина жасау өнімдеріне сұраныс Қазақстан жағдайында болашақта тек арта беретін болады. Және еліміздің өнеркәсібі сапалы мамандарға зәру болып қалуы әбден мүмкін.
«Машина жасау саласы кез келген экономиканың ең негізгі салаларының бірі. Біз 10 жылдан астам уақыт ішінде машина жасау саласы өндірген өнімнің жалпы көлемін 45 млрд. теңгеден 680 млрд. теңгеге дейін жеткіздік. Шамамен 12 еседен астам өсім көрсетті. Бір жағынан, егер оны Қазақстан экономикасының құрылымы бойынша қарасақ, бұл көп те емес. Біз Қазақстанда көліктік, автомобильдік машина жасау салаларын жаңадан құрдық. Болашақта мұнай-химия саласында машина жасау өндірісі іске асырыла бастайды», - деді өз сөзінде Үкімет басшысы.
«Жоғары білікті мамандарсыз бізде ешбір машина жасау өндірісі алға баспайды. Кадрларсыз машина жасау саласы болмайды. Осы орайда Машина жасаушылар одағы аталған мәселеге белсене кірісіп, Үкіметке көмектесуі қажет», - деп атап өтті С.Ахметов.