Мәскеу түбінде шайқастым - Ұлы Отан соғысының ардагері Ж. Хафизұлы
Мәскеу түбіндегі ұрыста Ақмола өңірінің тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Жәлел Хафизұлы да болған еді. Қазақта «Қарты бар елдің қазынасы бар», «Есік алдында төбе болса, ерттеп қойған атпен тең, ауылыңда қария болса жазып қойған хатпен тең» деген қанатты сөз бар ғой. Көргені мен түйгені мол қарияны әңгімеге тартып, жойқын соғыстың басталған тұсындағы сәтін айтып беруін сұрадық.
- Соғыс басталатын жылы Қосшоқы деген стансыда тұрдым. Ақмоладан 40 шақырым жерде. Таңғы сағат 4.00-де Левитанның дауысы естілді. Оның суық хабарынан «тұтқиылдан неміс фашистері Отанымызға шабуыл жасады, шекарамызды бұзып өтті» дегенді естідік. Содан бір айдың ішінде ауылдағы әскер жасындағы адамдардың барлығы соғысқа алынды. Біз болсақ, үш ағайынды жігіт 1942 жылдың басында майданға аттандық.
Мен Көкшетауда бір-екі күн болдым-дағы, 18-20 жастағы ылғи жас жігіттер бір эшелонға тиеліп, Мәскеу түбіне қарай тарттық. Мәскеу шайқасында, Рокосовский, Жуков басқарған қолбасшылардың қол астында болдым. №1245 полктің танкке қарсы әскерінде көздеуші қызметін атқардым.
Қалаға жетісімен Мәскеудің сырт тұсындағы орманға түстік. Біз түскен маңайға таяу Ржев, Коржов, Клин, сосын Калинин қазіргі Тверь - осы қалалар болды. Сол жерден немістер Мәскеуге қарай бірнеше рет шабуыл жасады. Олар қаншама жанталасса да тойтарып, Мәскеуге қарай жібермедік. Танкілерін атқылап, ауыр шығынға батырдық. Соның арқасында Мәскеу аман қалды. 1941-1942 жылдары Мәскеу шайқасы менің өмірімдегі ең елеулі күндердің бірі болды», дейді қарт жауынгер.
- Кеудеңізге тағылған бірнеше орден, медальдарды көріп те отырмыз. Майдандағы қайсарлығыңыз үшін берілген әрбір марапат жүрегіңізге ыстық та болар. Дегенмен сіз үшін бағалысы қайсысы?
- Мен Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысып, қаланы немістерге алғызбауға үлесімді қостым. Жау әскерінің екі мәрте жойқын шабуылын тоқтаттық. Сол үшін маған - қазақтың қара домалақ баласына Үшінші дәрежелі «Даңқ» орденін берді. Содан кейін екі-үш айдан соң мені Ұлы Отан соғысының Бірінші дәрежелі орденімен марапаттады. Менің көрсеткен батырлығым үшін, соғыста жасаған ерен қимылым үшін. Біраз уақыттан соң көзден жараланып, мен елге оралдым.
Сол кезде ауылдағы өзіміздің жасымызға келген қарттар, әйелдер, балалар бар нанын жемей, «Бәрі майдан үшін» деген ұранмен, аш-жалаңаш жүріп, дайындаған бидайын, етін, сүтін, киімін бәрін майданға жіберіп жатты. Міне, соның арқасында Жеңіске жеттік қой біз.
- Соғыс, ажал арасында жүрдіңіздер. Ол кезде мектепті жаңа бітірген балғын жігіт едіңіздер. Алапат соғыс Сіздердің бойларыңызда қорқыныш, үрей туғызған жоқ па?
- Ешқандай қорқыныш болған жоқ. Жастар жағы алға ұмтыла берді. Ылғи алға! Соның арқасында біз фашистік Германияның басқыншыл ойын болдырмай, жеңіске жеттік. Қорқыныш немесе бір үрей болған жоқ бізде. Біздің мақсатымыз - немістің құлы болғанша, бостандық үшін жан беру.
- Соғыстан кейінгі жылдары қандай қызмет атқардыңыз?
- Ағайынды үшеуіміз де соғыстан аман-есен оралдық. Елдің бейбіт өмірін құруға атсалыстық. Майданда ел үшін, жер үшін шайқассақ, бейбіт күн туғанда мемлекетіміздің өркендеуі жолында «аянбай еңбек еттік. Бір ағам ауылда қосалқы стансыда кезекші болды. Екінші ағам Қарағанды шахтасында көмір өндірді.
Мен болсам ұстаздық жолына түстім. 45 жыл бойы мектеп директоры болдым. Мінекей, жыл сайын осы Ұлы Отан соғысындағы жеңіс мерекесіне қатысып, лайықты сый- құрметке бөленіп келеміз. Бізді осындай дәрежеге жеткізіп, асқақтатып отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз рахметімізді айтамыз. Бүгінгі күні Қазақстан бүкіл дүние жүзіне танымал болды. Бұл күнде жер бетіндегі халықтың барлығы қазақтың кім екенін біледі. өз басым мұндай деңгейге жету әлемдегі бірден бір көреген саясаткерлердің бірі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің арқасы деп білемін. Қазақстан халықтары бейбітшілікте, бірлікте өмір сүрсін! Соғыс оты ешқашан тұтанбасын!
- Сұхбатыңызға рахмет!