Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл Астанаға келді
АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Елордаға Орыс-православ шіркеуінің басшысы, Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл келді. Мәртебелі мейманды Астана әуежайында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қарсы алды.
Қасиетті қазақ жерінің құт дарыған топырағына осымен екінші мәрте қадам басып отырғандығын атап өткен Ресей патриархы Кирилл: «Қазақстан дінаралық қарым-қатынас үйлесімді дамыған, діни ұйымдар мен мемлекет арасындағы байланыс жемісті әрі сындарлы түрде жолға қойылған ел. Бұл ҚР Президентінің сарабдал саясаты екендігін білеміз», - деді.
Естеріңізге сала кетейік, Ресей патриархы Кирилл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен төртінші Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуға келіп отыр. Бүгін мәртебелі мейманды ҚР Президентті Н. Назарбаев Ақордада қабылдайды деп күтілуде. Одан кейін патриарх Кирилл Астананың Успен соборында болады.
Қазақстанның басты православ соборында ол әулие азап шегушілер Серафим мен Феоктист сүйектерінің алдында құдайға құлшылық етіп, ғибадат рәсімін жүргізеді.