Мәскеуде қазақстандық жауынгердің сүйегі тапсырылды

АСТАНА. KAZINFORM - Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан қазақстандық жауынгердің сүйегін тапсыру рәсімі өтті.

 Мәскеуде қазақстандық жауынгердің сүйегі тапсырылды
Фото: ҚР Ресей Федерациясындағы елшілігі

Оны өткен жылдың күзінде Новгород облысында жергілікті «Медведь» және «Находка» іздестіру жасақтары тапқан. Жауынгердің медальонында сақталған жазбалардың арқасында Семей облысының тумасы, 1908 жылы туған Оразғали Белубаевтың кім екенін анықтау мүмкін болды. Осы уақытқа дейін жауынгер хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында болған. Іздестірушілердің хабарлауынша, ол 1943 жылы тамызда Старая Русса қаласын азат ету шайқасында қаза тапқан.

ҚР РФ Елшілігінің әскери атташесі аппаратының және «Майдан Жолы» мен «Ерлік-Даңқ» іздестіру жасақтарының көмегімен жауынгердің туыстары табылды. Жақын арада оның сүйектері Отанына жеткізіліп, құрметпен қайта жерленетін болады.

Өз сөзінде ҚР РФ Елшісі Дәурен Абаев қаза тапқан ата-бабаларды Қазақстанда құрметпен еске алатынын атап өтіп, іздеушілерге игілікті істері үшін ризашылығын білдірді.

«Сол күндерді еске алу біздің халықтарымызды біріктіреді, кез келген сынақтар алдында бірлік пен ынтымақтастықтың күшін еске салады. Бүгінде Қазақстан бейбітшілік, тату көршілік қарым-қатынас және тарихи шындықты құрметтеу қағидаттарына адал болып қала береді!» - деп атап өтті Елші.

Өз тарапынан Новгород облысы губернаторының орынбасары Илья Маленко 1989 жылдан бері жыл сайын өңірдегі Еске алу вахталарына қатысып, өз үлестерін қосып келе жатқан қазақстандық іздестірушілердің жұмысын атап өтті.

- Олардың еңбегі – Отанына, туыстары мен жақындарына қайтарылған жүзден астам есімдер. Ортақ тарихымыздың ұмытылмас беттері мен Ұлы Жеңіс біздің мәңгі есімізде! – деп атап өтті ол.

Новгородтық «Находка» іздестіру жасағының командирі Александр Морзунов табылған сарбаздар медальонын әрдайым толқи отырып ашатынын айтты.

- Жауынгердің кім екенін анықтай алған кезде, ол белгісіздіктен оралады, оны мәңгі еске алып отыратын отбасы, туыстары, отаны табылады. Біздің, іздестірушілердің ісіндегі ең маңыздысы осы, – деді Александр Морзунов.

Новгородтық «Медведь» іздестіру жасағының командирі Игорь Тума өкінішке орай, қаза тапқандардың кім екенін анықтау мүмкін болмаған жағдайлар да кездесетінін айтты, бірақ осы қазақстандық жауынгер жағдайында сәті түсті: заманауи технологиялардың көмегімен медальондағы жазбалар оқылып, содан кейін оның туыстары табылды.

Қаза тапқан жауынгерге қатысты іс-шара барысында мұсылман дәстүрлеріне сәйкес жаназа оқылды.

Қаза тапқан сарбаздардың сүйектерін табу бойынша қазақстандық және ресейлік іздестіру жасақтарының бірлескен жұмысы жалғасуда.

Осыған дейін Мемлекет басшысының «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» медалі туралы Жарлыққа қол қойғаны туралы хабарладық.

 

Соңғы жаңалықтар