Мәскеулік режиссер Гүлназ Балпейісова: Жинаған тәжірибемді Қазақстанмен бөліскім келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тамыз айында мәскеулік танымал режиссер Гүлназ Балпейісова Астанада «Ақыл азабы» («Горе от ума») спектаклін қойды. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында Евгений Вахтангов атындағы Мәскеу мемлекеттік академиялық театрының режиссері қазақстандық көрермендермен кездесуден алған әсерімен және қазақстандық театрдың болашағы туралы өз болжамдарымен бөлісті.

- Астанадағы спектакль қойылымынан қандай әсер алдыңыз? Басты ойды көрерменге жеткізе алдыңыз ба?

- Жеткізе алдым деп ойлаймын. Шынымды айтсам, солтүстіктің көрермендері өте қызық. Олар ерекше байыпты, тыныш және салқынқанды. Ал алматылық көрермендер анағұрлым белсенді, ашық және қызба болып келеді. Олар өз эмоцияларын жасырмайды, бір жағынан салқынқандылық та маған ұнайды. Алматыда әр 5 минут сайын қол соғып, сахнадағы оқиғалардың барлығына қуанып отырса, мұндағы көрермен қол соғуға асықпайды, қойылымды мұқият бақылайды. Ешқайда алаңдамай, бар зейінін сахнаға аударады. Әрине, мұндай ілтипаттың құны мен үшін қымбат.

- Астанадағы спектакль қойылымына дайындық қалай өтті? Қандай кедергілерге тап болдыңыз?

- Мұнда 1 күн ғана дайындалдық, айтарлықтай қиындықтар болған жоқ. «Астана Балетте» өте жақсы команда бар. Дайындықтағы қиындықтар труппаның өз ішінде болған шығар. Өз арамызда «жүз жылдық соғыс» жүріп жатты, ұзақ уақыт бірге жүргендіктен шығар. Отбасындағы қарым-қатынас сияқты, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды.

- Алдағы шығармашылық жоспарыңызбен бөліссеңіз. Жақын арада қандай қойылымдармен қуантпақсыз?

- Вахтангов театрында Штефан Цвейгтің «Лепорелласын» қоюымыз керек. Онда төрт режиссер қатарынан жұмыс істейді, себебі 4 новелла мен 1 спектакль қойылады. Әзірге «Цвейг кеші» деп атап отырмыз, нақты атауы белгісіз. 

- Шығармашылық процесс жөнінде әңгімелессек. Мұндай жас бола тұра, Мәскеудің беделді театрында режиссер болу қиын емес пе? Тәжірибенің аздығы сезіле ме?

- Мен Вахтангов театрында 5 жыл бойы бас көркемдік жетекші Римас Владимирович Туминастың ассистенті болып жұмыс істедім. Туминас - әлемдік арена мен еуропалық театрларға белгілі есім. Вахтангов театры - қазіргі уақытта Мәскеудегі үздік театрлардың бірі. Бұл Яковлев қызмет еткен, Этуш пен Аксакова жұмыс істейтін әйгілі орын. Екінші курстан бастап, Римас Владимировичтің және өзге де танымал театр майталмандарының ассистенті болып жұмыс істедім. Сондықтан, «тәжірибем аз» деген сөзбен келісе алмаймын. Ұзақ уақыт бойы театр өндірісінің барлық астарын білетін «сұр кардинал» болдым. Әрине, көрермен театр көріністері орын алатын шеңберді ғана көреді. Олар қол соғып, жылап-сықтап, үйлеріне қайтады. Кез келген қойылымның артында балет әртістерінің қанға боялған аяғы секілді үлкен еңбек жатады. Сахна артындағы өмір - айтарлықтай күрделі және алуан түрлі. Қызықтығы өз алдына, мен үшін театр - тұтас өмірге айналды.

- Идея тууы үшін шығармашылық адамдарының күй талғайтыны белгілі. Сіз үшін қандай орта ыңғайлы және шығармашылық процесс қалай өтеді?

- Әр өнер адамы үшін әрқалай болады. Мен үшін шығармашылық процесі адам төзгісіз азаппен өтеді. Мені күмән мен сенімсіздік қинайды, үнемі білімімнің жетіспеушілігін сезіп отырамын. Қандай да бір материалды қолға алсам, ол туралы бәрін зерттеп шығуым тиіс. Бұл сөзбен айтып жеткізе алатын бір ғана элемент. Қалғанының барлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Айтпақшы, мен тек қана классикамен айналысамын, себебі Римас Владимирович айтқандай, классикаға ғана арқа сүйеуге болады. Классика бізден күштірек, бізден ақылдырақ. Сол себепті, заманауи форматтарға бойлай алмай жүрмін. Классикалық авторлардан үйренерің көп, олармен бірге қиялдың жетегінде кетуге болады. Олар саған түнде келеді де, сенің дәл осылай өмір сүргеніңді қалайды. Бұл процесс әр адамда әр түрлі өтуі мүмкін, менде осылай өтеді (күліп). Әрбір автор сенімен «сөйлеседі», ұғынуың тис энциклопедияларды айтады, дәл осы процеспен бірге өзің де өзгеріп кетесің.

- Қазақстандық авторлар сізбен «сөйлесе» ме? Қазақстандық шығармалардың қайсысын қояр едіңіз?

- Мектепте қазақ әдебиетін сүйіп оқитынмын. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» қойғым келеді. Немесе Калашниковтың «Қатыгез ғасырын» («Жестокий век»). Қазақ әдебиеті қашанда өзінің тарихи шығармаларымен танылған.

- Қазіргі уақытта театр қызметкері немесе режиссері қанша табыс таба алады?

- Бұл сұраққа бір сөзбен жауап бере алмаймын. Менің үш аяқталмаған және бір аяқталған білімім бар. Біріншіден, менің мамандығым - суретші. Екіншіден, мен - актрисамын. Одан бөлек, мен - театр сыншысымын және режиссермін. Әр оқуды тастаған сайын, жаңа институтқа түстім. Мені бір ғана сұрақ толғандыратын: осы жұмыспен өмір бойы айналыса аламын ба? Сіздің сұрағыңызға мен де сұрақпен жауап бергім келіп тұр: сіз ақша төленбейтін жұмысқа баруға дайынсыз ба? Ал мен барамын. Режиссерлікте ақша маңызды емес. Былай жауап берейін: нағыз кәсіби мамандарға үнемі сұраныс болады. Егер өз ісіңіздің шебері болсаңыз, аш қалмайсыз. Театр үнемі қиын күндерді бастан кешіп келеді. Мәдениетке қарайласқан жөн, көмектескен жөн. Егер біз өнердің не үшін қажет екенін түсінсек, ешқашан ауырмас едік. Рухани байыр едік, рухани тазарар едік.

- Сіз астаналық және алматылық көрермендермен танысып үлгердіңіз. Қазақстанда театр қаншалықты сұранысқа ие? Сіздің ойыңызша, қазақстандық театрды қандай болашақ күтіп тұр?

- Бұл болашақтың өзі бізге байланысты болып тұр. Жоғарыда айтып өткенімдей, жақсы істер жақсы талғамды қалыптастыратындықтан, театрға қолдау көрсету қажет.

- Қазақстанға көшіп келіп, жергілікті театрдың өркендеуіне атсалысқыңыз келмей ме? Сіздің тәжірибеңіз көп қажетке жарар еді.

- Режиссер мамандығының өзі тұрақты емес. Жазда Будапештте спектакль қойдым. Ол жаққа Алматыдан ұшып барған едім. Бала кезімде әлемге ортақ адам болуды армандап едім, сол арманым орындалып жатқан тәрізді. Мұнда жылына бір рет келіп, спектакль қойсам да бақытты болар едім. Тұрақты негізде Вахтангов театрында жұмыс істеймін, себебі маған театр өмірі қайнап жатқан орта керек. Ондағы театр мен ұйымдастыру деңгейі мүлдем басқаша, театрдың ғажап өнер екенін ұғынасың. Қазақстанға келіп, жақсы нәтиже көрсетуім үшін, дамылсыз жұмыс істеуім қажет. Дәл қазір Қазақстанға көшіп келер болсам, осы деңгейімде қалып қоямын. Жаңа халықаралық тәжірибелер жинақтасам, еліме берерім де көбірек болар еді. Самал желді сездіңіз бе?.. Самал жел өзі қалаған кезде ғана саябырланады. Біз де дәл осындай болуымыз керек. Мен әзірге тәлімгер емеспін, шәкіртпін. Өзгелер мені ұстаз деп атаған күні елге келіп, өз тәжірибеммен бөлісетін шығармын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар
telegram