Мәсімовтің Астанадағы сарайы 1,8 млрд теңгеге сатылымға шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM – «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС 2022 жылға қаңтар трагедиясына дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Кәрім Мәсімовке тиесілі делінетін үйді сатылымға шығарды.

25 ақпанда сағат 10.00-де басталатын саудаға ресми шығарылатын жылжымайтын мүліктің бастапқы бағасы 1,8 млрд теңге деп көрсетілген.


«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС 2025 жылғы 25 ақпанда сағат 10:00-де E-Qazyna веб-платформасында электрондық сауда өткізілетінін хабарлайды.
- Аукцион аясында Астана қаласы, Нұра ауданы, Қараөткел шағын ауданы, Ерейментау көшесі, 1-құрылыс мекенжайында орналасқан жертөлесі бар тұрғын үй сатылымға қойылады. Нысан барлық қатысушы үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін ашық және бәсекеге қабілетті шарттарда жүзеге асырылады, - деп жазылған компанияның ресми сайтында.





E-Qazyna веб-платформасында жарияланған құжаттардан нысанның Қайтарылған активтерді басқару компаниясына 2024 жылдың 19 қарашасында берілгенін көруге болады.
Еске салсақ ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 2022 жылғы 8 қаңтарда ұсталған болатын.
ҰҚК таратқан мәлімет бойынша, Мәсімовтің премьер-министр лауазымында болуы кезеңінде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 млрд теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізілді.