Маусым басталғанына қарамастан Жасыбай көлі жағасындағы құрылыс жұмыстары әлі жүріп жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - 10 маусымнан Баянауылдағы Жасыбай демалыс аймағында туристік маусым басталып кетті. Алайда коммуналдық жағажайда әлі күнге құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімдігінің дерегінше, осы айдың соңына дейін жағажайда 65 күнқағар қалқа, 3 үлкен көлеңкелі шатыр, 400-ден астам жатын орындық, 3 құтқару мұнарасы орнатылады. Кеспетас пен террасалық тақтайдан жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, душ кабиналары, санитарлық тораптар және киім ауыстыратын орындар пайдалануға беріледі.
- Жұмыс көлемі өте ауқымды болғандықтан, демалушылардан уақытша қолайсыздықтар үшін түсіністік танытуды сұраймыз. Бұл өзгерістердің нәтижесі күткен үмітті ақтап, ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет етеді деп сенемін, - деп мәлімдеді өңір басшысы Асайын Байханов.
Жобаны толық аяқтау шілде айының ортасына көзделген. Осы кезеңге дейін медпункт, полиция мен құтқарушылар бекеттері, футбол және волейбол алаңдары, сондай-ақ ойын аймағы жабдықталады.
Осындай кешенді жұмыстар 2025 жылы Сабындыкөл жағалауында да жүргізілген. Бүгінде бұл нысандар туристер тарапынан жоғары сұранысқа ие.
Бұған дейін Жасыбай демалыс аймағына кіру қанша тұратынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Торайғыр көлі маңында биыл да қарақұрт шығып жатқанын хабарлаған едік.