Маусымда инфляция 0,3 пайызды құрады
АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат - 2011 жылғы маусымда Қазақстан Республикасындағы инфляция 0,3 пайызды құрады,
деп хабарлады ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен.
Ведомствоның атап өтуінше, баға азық-түлік тауарларға және ақылы қызмет көрсетулерге өткен айда 0,2, азық-түлік емес тауарларға 0,7 пайызға өсті. Өткен айда бағаның өсуі нан және жарма өнімдеріне 0,7, ал сөкке - 6,2, қарақұмық жармасына - 5,3, арпаға - 1,8, ұнға - 1, макарон өнімдеріне - 0,6, нанға 0,2 пайызға белгіленді. Баға өсімі картопқа 3,9, ет және құс етіне - 1,1, кофе, шай және какаоға - 0,6, жемістерге - 0,5, май және тоң майға 0,3 пайызды құрады. Баға деңгейі жұмыртқаға 9,6, жаңа жиналған көкөністерге - 5,5, жаңа сауылған сүтке 1,9 пайызға төмендеді.
Баға киім және аяқ киімге 0,2, тұрмыстық тоқыма өнімдеріне - 0,3, ыдысқа - 0,5, құрылыс материалдарына - 0,7, сұйытылған газға 1,1 пайызға жоғарылады. Бензин 5,7, дизель отыны 7,1 пайызға қымбаттады.
Баға деңгейі мәдениет қызметтеріне 0,2, мейрамханалар мен қонақ үйлердге - 0,3, шаштараздарға - 0,4%, денсаулық сақтау және мектепке дейінгі білім беруде - 0,5, жолаушылардың көлігіне 1,4 пайызға өсті.
Тұрғын үй коммуналдық қызмет көрсетулер саласында тарифтер орталықтан жылыту мен тұрғын үйді ұстауға 0,1, кәрізге - 1,2, суық суға - 1,4, қоқыс жинауға 2,7 пайызға қымбаттады, ал ыстық суға 1,6 пайызға арзандады.