Майами турнирі: Елена Рыбакина әлемнің бесінші ракеткасын жеңе ала ма
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Майами (АҚШ) WTA 1 000 турнирінде бүгін шешуші кездесулерінің бірін өткізеді.
Қазақстандық теннисші әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салады. Қарсыластар осыған дейін өзара 8 рет кездесіп, соның бесеуінде Рыбакина жеңген.
Екі апта бұрын Рыбакинаның Индиан-Уэллс (АҚШ) мастерс жарысының ширек финалында Пегуланы 6:1, 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктірген еді. Жалпы, кейінгі алты айда қазақстандық теннисші Пегуланы төрт рет қатарынан қапы қалдырған.
Биылғы маусымда қос спортшы да әйелдер теннисінде ерекше көзге түсіп келеді. Рыбакина 20 бәсекеде қарсыластарын жеңсе, тек төртеуінде есе жіберген. Пегулада бұл көрсеткіш – 19-3.
Елена 2023 және 2024 жылдары Майамиде финалға дейін жеткен. Джессика бес жыл қатарынан кемінде ширек финалға шыққан. Ал 2025 жылы финалда әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкоға жол берді – 5:7, 2:6.
Пегула бұл жолы Рыбакинадан қалайда есе қайтаруға тырысатыны анық. Матч 25 наурыз күнгі Қазақстан уақытымен сағат 22.00-ге белгіленген. Бәсеке жеңімпазы А.Соболенко немесе рейтингіде 45-орында тұрған америкалық Хейли Баптистің біреуімен жартылай финалда кездеседі.
Екінші жартылай финалға шыққандар ертерек анықталды. Онда әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Кори Гауфф пен рейтингіде 14-орындағы чехиялық Каролина Муховамен финал жолдамасын сарапқа салады.
К.Гауфф ширек финалда рейтингіде 12-сатыдағы швейцариялық Белинда Бенчичті жарыс жолынан тайдырды – 6:3, 1:6, 6:3. К.Мухова әлемнің 9-ракеткасы, канадалық Виктория Мбоконы еліне қайтарды – 7:5, 7:6 (7:5).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.