Майдангерлердің ерлігі ұрпаққа мәңгілік өнеге болып қалды - соғыс ардагері Сұлтан Жиенбаев

АЛМАТЫ. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ешкім де ұмыт қалмайды, ешнәрсе де ұмытылмайды. Ұзақ жылдар бойы Отан соғысындағы ашылмаған ақтаңдақ болып келген Ржев шайқасының бүгінгі тарихтан өз орнын алуы соның нақты айғағы.
None
None

Бұл туралы мамырдың 9-ы күні Мәскеудегі Жеңістің 65 жылдығына арналған әскери шеруге қатысқалы отырған даңқты майдангер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев ҚазАқпарат тілшісімен болған әңгімесінде баяндап берді.

1941 жылы Алматы мен Ақтөбеде құрылған 100 және 101 атқыштар бригадалары 1942 жылы ұрысқа бір күні кірген болатын. Калинин майданында 39-шы армияның құрамында Ржев плацдармында соғысқа араласқан әрқайсысы 6 мың адамнан тұратын бұл 2 бригада 1942 жылы қарашаның 25-і мен желтоқсаның 20-сы аралығында Ржев шайқасында бір айдың ішінде құрамының 80 пайызын жоғалтқан болатын.

"100-ші жеке қазақ атқыштар бригадасынан бұл соғыстан 500-і ғана елге аман оралған еді. Қазіргі таңда олардың саны 30-ға дейін кеміді. Мен Мәскеудегі Жеңіс шеруіне осымен екінші рет қатысқалы отырмын. Бұған дейін оған 60 жылдықта барғам. Онда майдандастарымызбен жолығып қалуымыз мүмкін. Жалпы бұл мәртебеге биыл Алматыдан 2 ардагер ие болып отырмыз", дейді соғыста жаудың 3 танкісін жойған даңқты майдангер. Оның айтуынша, былтыр елімізде 26 мың соғыс ардагері бар еді. Оның 5 мыңдайы Алматыда тұратын. Қазір олардың қатары Алматыда 1,5 мыңға, ал республика бойынша 15 мыңға дейін кеміді. 100-ші жеке қазақ атқыштар бригадасының құрамында болғандардан бүгінгі таңда қалада 5-6 адам ғана қалды.

"Біздің арамыздан Кеңес Одағының 6 Батыры шықты. Солардың бірі шығыстың әйгілі қос жұлдызының бірі Мәншүк Мәметова болды. Жалпы майдан шебінде ұрысқа араласқан қыздар көп емес. Олар соғысқа негізінен медбике боп қатысты. Мәншүк те алғашқы кезде медбике боп жаралыларға көмектесіп жүретін. Сондай өткір қыз болатын. Ешуақытта ештеңеден қорықпайтын. Ржев шайқасында жараланған кезімде жарамды таңып, маңдайымнан сүйіп тұрып «Сұлтанжан, айналайын жылдамырақ қайт. Бізге қиын болады» дегені әлі күнге дейін есімде", дейді Сұлтан Сүлейменұлы. Ардагердің сөзіне қарағанда, Ржев шайқасы тарихтан өз бағасын өте кеш алды. Шартты түрде "Марс" операциясы аталған бұл шайқасты жазушы Константин Симонов "Өлім алқабы" деп атаған болатын. Оның құжаттары 2005 жылға дейін құпия ұсталып келген еді. Әскери техника мен адам шығыны жағынан Сталинград шайқасынан асып түспесе кем болмайтын бұл ұрыстың маңызы мен рөлі енді ғана ашық айтылып жүр. Ерлігі ұзақ жылдар бойы елеусіз қалған бұл соғыстың құрбандарын мәңгілік есте қалдыру үшін екі елдің үкіметтері Ржевте, Алматыда және Ақтөбеде ескерткіш орнату туралы соңғы кезде арнайы қаулы қабылдап отыр. Оны тарихтың ақтаңдақ беттерін қалпына келтіру үшін жасалған батыл қадам деп бағалаған жөн шығар. Бейбітшілікті баянды ету үшін өз қолдарымен алапат соғысты ауыздықтап, сол істе өлшеусіз қанын төккен ардагерлер үшін әділдіктің салтанат құрғанынан артық ештеңе жоқ. Тек жас ұрпақ бүгінгі тыныштықтың қадірін біліп, өткен күннен сабақ алса болғаны. Отан алдындағы еңбегі үшін «Парасат», «Құрмет» ордендерін иеленген Сұлтан Жиенбаев мемлекеттік қызметте Дінмұхаммед Қонаевпен әріптес болып, ұзақ жыл көрші тұрды. Бүгінде ұл-қыздарынан 6 немере, 10 шөбере сүйіп отырған Сұлтан ақсақалдың ендігі бар тілегі елінің амандығы, жұртының тыныштығы.

Соңғы жаңалықтар