Мәйіт донорлығы: Дәрігерлер адам өмірін сақтауға қорқатын болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда адам ағзаларын, соның ішінде мәйіт донорын пайдалануға қатысты халықтың нарызылығы трансплантогияны мүлдем тоқтатып тастауы мүмкін. Бүгінде дәрігерлер байбалам салып, адам өмірін арашалауға қорқатын болдық деп жатыр. Себебі заң бар. Алайда қоғам оны мойындағысы келмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 3,5 мың адам донорды күтіп жүр. Олардың басым бөлігі - 2 700 адамға бүйрек керек. 500 науқас бауыр күтсе, 150-ден астам адамға жүрек ауыстыру қажет. Бұдан бөлек, өкпенің донорын күтіп жүргендер де бар. Қазіргі кезде Қазақстанда адам органдарының трансплантациясымен 9 ірі медициналық орталық айналысады. Барлық операциялар тегін, мемлекет бюджеті есебінен жасалады. Сол ірі медициналық орталықтардың ішінде Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығы да бар.
Орталық директоры Болат Баймахановтың айтуынша, бүгінде трансплантологияға қатысты қоғамның негативті көзқарасын бұқаралық ақпарат құралдарына шығатын сыни материалдар күшейтіп отыр. «Алысқа бармай-ақ қояйық, 7-аурухана туралы материалдардан кейін операциялардың саны екі есеге төмендеді. Меніңше, олай жалғаса берсе, Қазақстан трансплантология бағдарламасы мүлдем тоқтап қалады. Бір нәрсені анық түсініп алу қажет. Дәрігерлер оны өздері үшін істемейді. Қоғам үшін, науқастар үшін, донорды күтіп-күтіп, о дүниеге аттанған жүздеген, тіпті мыңдаған адамдар үшін жасайды. Мәйіт донорын пайдалануға рұқсат беретін заң бола тұра, донорға зәру адамдардың өмірден, жаңа денсаулықтан айыруға қақымыз жоқ», - дейді Баймаханов.
Оның сөзіне қарағанда, елімізде «келісім презумпциясының», яғни мәйіт ағзаларын туыс-туғандардың келісімінсіз пайдалануға қатысты заңның қабылданғанына 12 жыл болды. Алайда бірінші операциядан кейін бірден қоғам ішінде негативті көзқарас тарала бастады. Содан трансплантация бірнеше жылға тұралап қалды. Ол уақыттың ішінде донорды күткен мыңдаған адам қайтыс болды.
«Қазақстанда әрбір үшінші трансплантацияны мен және менің командам жасады. 2005 жылы «келісім презумпциясы» туралы заңға да мен бастамашы болдым. Сол кезде денсаулық министрлігі бізге қатты қолдау білдірмесе де, депутаттар бірауыздан қолдады. Ол заңды қабылдаған бойда алыс және жақын шетелден құттықтаулар түсе бастады. Себебі біз үлкен қадам жасадық. Біз туралы барлық трансплантациялық орталықтарда айта бастады. Біздің қазіргі көрсеткіштеріміз кейбір Еуропа елдерінен де озып тұр. ТМД-да біз операциялардың саны жағынан үшінші орында тұрмыз. Жылына 1200 трансплантация жасаймыз. Ал ондай операциялардан кейін пациенттердің ауруханадан аман-есен шығу көрсеткіші 90 пайызды құрайды», - дейді орталық директоры.
Өз әріптесін республикалық транспланталогия орталығы директорының орынбасары Серік Жарықов та қолдап отыр. Оның сөзіне қарағанда, 2012 жылы бір мәйіт доноры болған. 2013 жылы - 4, 2014 жылы - 10, ал 2015 жылы 22 адамға дейін жеткен. Алайда өткен жылы мәйіт донолары азайды. «2016 жылы барлығы 16 мәйіт доноры болды. Демек, ондай донолардың саны азайып келеді. Себебі де жоқ емес. 2016 жылдан бастап бұқаралық ақпарат құралдарында сыни мақалалар жарияланды. Қазақстанда адам ағзаларының қара нарығы бар деді. Донорларды саудаға салып жатқаны жайында жазылды. Осыған байланысты стационлардың жетекшілері мен бас дәрігерлер мәйіт донорына жоламайтын болды. Ондай пациент клиникада болса да, олар үшін мәйіт донорының өлгені жақсы. «Аш құлақтан тыныш құлақ» дейді де, жүре береді. Өйткені ертең тағы халық шулайды. Одан кейін құқық қорғау органдарының тексерістері басталады. Адамның жүйкесін тоздырады. Содан дәрігерлер мәйіт донорына жоламағанды құп көреді», - дейді Серік Жарықов.
Жалпы, ағымдағы жылы соңғы айларда 98 транплантация жасалды. Өткен жылы ондай операциялардың саны 164 болған. Демек, адам ағзаларын ауыстыру оталарының саны екі есеге азайып отыр.
Хирург мамандардың айтуынша, трансплантация кезінде адам ағзаларын ұрлап, артынан оны саудаға салу мүмкін емес. Себебі пациенттің ем-домымен кем дегенде 50 адам айналысады. Ондайда қылмыстық істі жасыра алмайсың. «Сосын мәйіт донорының ағзаларын алуға шамамен 200 медициналық қызметкер атсалысады. Бұдан бөлек, мәйіт доноры туралы ақпарат барлық клиникаларға жіберіледі. Одан кейін тапсырыс бергендердің сәйкестігі тексеріледі. Қылмыстық схеманы құру мүмкін емес», - деп атап көрсетті Баймаханов.
Денсаулық министрлігі де қоғам ішіндегі қазіргі көзқарасты жақсы біледі. Осыған байланысты түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуді көздейді. Тіпті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көмегіне жүгінбекші. Аталған ұйым Қазақстан халқына өз үндеуін жолдайды.