«Майқайыңалтын» кенішіндегі оқиға: көз жұмған екі құтқарушының аты-жөні белгілі болды

Екі кенші
Фото: turaninfo.kz

«Майқайыңалтын» кенішіндегі қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан екі құтқарушының есімдері аталды, деп хабарлайды Kazinform.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішіндегі ойыққа түсіп кеткен автобус жолаушыларының екеуінің мәйітін құтқарушылар тапты.

Оқиға орнында жүрген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов автобус ішінде болған құтқарушыларды іздеу жұмыстарында кедергілер көп екенін жеткізді. Ойық шетіндегі топырақ пен тастар қайта-қайта үгіліп, құтқарушыларға кедергі келтіріп жатыр. 

- Құтқару жұмыстарымен шұғылданып жүрген азаматтардың өміріне қауіп төнбес үшін ойықтың айналасын тазартып, бекіттік. Құтқарушылар топырақ арасынан 2 азаматтың мүрдесін алып шықты. Олар – Сарқыт Бердіқан (1999 жылғы) және Тышкевич Олег Леонидович (1970 жылғы). Өзге екі құтқарушыны іздеу жұмыстары жалғасуда. Автобус табылған жоқ. Авариялық-құтқару жұмыстарына өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының, Жергілікті атқарушы органдардың барлық күші мен құралы жұмылдырылды. Барлығы 73 адам, 17 техника және 1 дрон жұмыс істеуде, - деп хабарлады өңір басшысы.

Оқиғаның себеп-салдарын ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағалық етуімен құрылған арнайы комиссия анықтап жатыр. 

Соңғы жаңалықтар