Майқайыңда табылған мүрделер: күдіктілер психиатриялық диспансерде ем қабылдап жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Полиция аталған қылмыстық іс бойынша екі әйелдің күдікті ретінде танылғанын хабарлады. Қазіргі уақытта олар психоневрологиялық диспансерге орналастырылған.
Павлодар облыстық полиция департаменті Майқайың кентіндегі жантүршігерлік оқиға бойынша қылмыстық іс «Өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау» және «Алаяқтық» деректері бойынша қозғалғанын мәлімдеді. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталмақшы.
Бұған қоса қазіргі уақытта сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады. Күдіктілер қатарында екі әйел бар.
— Екі әйел де мамандандырылған психиатриялық диспансерге орналастырылып, ем қабылдап жатыр. Ал қыз бала тексеруден өткен соң Екібастұз қаласындағы балаларға арналған мемлекеттік мекемеге жіберілді. Тергеу жалғасады, — деп хабарлады Павлодар облысты полиция департаментінің өкілдері.
Еске сала кетейік, ақпан айының ортасында Павлодар облысы Баянауыл ауданының Майқайың кентіндегі жер үйден екі адамның мүрдесі табылды. Қайтыс болғандар қызы мен әкесі екені анықталған. Белгілі болғандай, марқұмдардың мүрдесі үйде ұзақ уақыт жатып қалған. Ал үйде осы уақытқа дейін қайтыс болған ер адамның зайыбы және марқұм әйелдің кішкентай баласы тұрып келген.