«Майқайың-алтын» кеншілері не үшін шахтадан шықпай қойды?..» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 25 қыркүйек, бейcенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
"Егемен Қазақстан" газетінде "«Майқайың-алтын» кеншілері не үшін шахтадан шықпай қойды?.." деген тақырыппен Павлодар облысы, Майқайың кентіндегі кеншілердің жұмыс берушісіне наразылық шаралары туралы жазылған.
"Жұмыс беруші кеншілердің еңбек жағдайымен санасуы міндетті. Арнайы киім, арнайы құралдар, құрылғылар болмай, еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес, бірақ, соған қарамай, біз, кеншілер жоспарды орындаймыз, қиындыққа төзудейін төздік. Жер астындағы кен қазу жұмыстарындағы еңбек зияндылығына байланысты қосымша төлем төлеуді және жалақыны көтеруді талап еттік", - дейді Қайрат Дүйсенбаев.
«200 метр тереңдікте жұмыс жасаймыз. Шахта іші жарықсыз, сыз, желдеткіштер аз, шаң-тозаң. Бұл кеншілер өміріне, денсаулығына қауіпті», десті басқа да кеншілер.
«Алпыс» кеніші, «Майқайың-алтын» АҚ кәсіпорындарының акционері Ресейдің «Екатеринбург мыс компаниясы». 2006 жылы кәсіпорын жұмыс көлемін 175 мың тонна кен өндірумен бастайды. Жыл өткен сайын 500 мың тонна кен шығару межесіне жақындап келеді.
Екі кәсіпорында 800-ден астам кенші-жұмысшылар еңбек етуде. Орташа еңбекақы мөлшері 100-105 мыңды құрайды. Кен орындарындағы өндіру жұмыстары жерасты әдісімен заманауи тау-кен көліктік қондырғыларын қолдану арқылы жүргізіледі. Кеніштің жылдық өнімділігі кен байыту фабрикасы жұмысын толығымен қамтамасыз ететін 400 мың тоннаны құрайды. Қазір уақытша «Алпыс» кеніші жабылды. Алдағы уақытта кеншілердің талаптары ескеріліп, бірқатар жұмыстар қолға алынады, өндіріс қайта іске қосылады деп ойлаймыз, - деді «Майқайың-алтын» АҚ-тың бас инженері Айдар Өтебаев.
Аудан әкімі Ернұр Әйткенов шахтаға түсіп, кеншілермен кездескен. 40 минуттық келісімдер арқасында кеншілер жер астынан аман-есен шықты деуге болады. Баянауыл ауданының әкімі де, «Майқайың-алтын» компаниясының басшылығы жағдайды реттеу туралы келісімшартқа қол қойды. Яғни, енді кеншілер талаптарына сәйкес «Алпыс» кеніші қайта есік ашып, кеншілердің еңбек жағдайлары жақсарып, еңбекақылары көбейеді деген сөз.
Сондай-ақ аталған басылымда Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор Намазалы Омашевтің "Идеологиясыздану - індетті идеология" атты мақаласы беріліп отыр. Онда автордың айтуынша, адамды өзге тіршілік иелерінен ерекшелейтін - ақыл-ойы мен мәдениеті. Ақыл-ой адамның тумысынан бірге жаратылса, мәдениет - әрбір ұлттың даму көрсеткіші.
"Аллаға шүкір, тәуелсіздік жылдары егемен ел ретінде етек-жеңіміз жиналды, тұрмыс түзелді, әл-ауқатымыз біршама артқандай болды. Ал рухани дүниеміз ше?", деген автор осы сұраққа өзінше жауап іздейді.
Шыны керек, «жаһандану өртіне» шалындық, тіліміз ала-құла, ұлттық тамырдан нәр алмаған жастарымыздың да дүниетанымы өзгеше қалыптаса бастады. Ақпарат әлеміне әркімнің бір қалдық идеологиясы шабуылдаумен болды. Бірақ «сананы тұрмыс билеген» тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл туралы ойлауға ешкімнің мұршасы келген жоқ. Бірақ, уақыт өте келе дене азығы жанның қажетін өтей алмайтынына көз жетті. Елімізде соңғы жылдары қолға алынған мәдени саясат, оның ішінде «Мәдени мұра» бағдарламасы көп «жоқтың» орнын толтырды, оның аясында мәдениет пен өнер саласында қыруар жұмыстар атқарылды. Мысалы, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Журналистика мәселелерін зерттеу институты шығарған «Алаш көсемсөзі» 10 томдығы рухани әлемімізге қосылған үлкен олжа болды. Бұл жоба арқасында жұртшылық өткен ғасыр басында жарық көрген «Жас Түркістан», «Шолпан», «Сана», «Таң», «Абай» журналдары, «Сарыарқа» газеті жарияланымдарының түпнұсқасымен танысуға мүмкіндік алды. Осыған дейін бұл басылымдарға тарихи сипаттама ғана беріліп, Алаш қайраткерлерінің бірді-екілі жарияланымдары жеке-дара жарық көрген. Ал аталған басылымдардың тұтас келбеті, бағыт-бағдары, мазмұны, идеялық, тақырыптық ерекшеліктері тереңдей зерттелмеген.
Осы орайда еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Елбасымыздың «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында мәдени саясаттың ұзақ мерзімді тұжырымдамасының жобасын дайындаған екен.
Елімізде тұңғыш рет қолға алынып отырған мәдени саясат тұжырымдамасы ұлттық мәселелерді ескергенде ұлттық құндылықтарымыздың жаһандық деңгейде жарқырай көрінуіне әсер ететіндігіне сенеміз. Әл-ауқатымызбен бірге мәдениетіміз бен өнеріміз, ғылымымыз дамыған кезде ғана «Мәңгілік Ел» идеясының орындалуына жақындай түсеріміз ақиқат, дейді профессор.
***
Қазақ эстрадасындағы ең табысты әншілердің жаңа рейтингі жасалды, деп жазады "Айқын" газеті "Отандық бай әншілердің тізім жасалды" атты мақалада.
Басылымның жазуынша, қазақ әншілерінің ішінде ең көп табыс табатын Қайрат Нұртас. Табысы мол әншілер көшінде Қайрат Нұртастың көші ілгері. 25 жасында ол 9 альбом шығарып үлгерген.
Одан бөлек, "Өкініш" биографиялық фильмі мен өзінің киім жүйесін де ретке қойды. 2013 жыл Қайрат үшін өте сәтті өтті деуге болады.
Forbes мәліметі бойынша ол $2,04 млн табыс тауыпты. Қайраттың бір тойға шығуы $7000 тұрады. Енді ол өзінің брендтік әуе жүйесін іске қосуды қолға алуды жоспарлап жүрген көрінеді. Бір қызығы, Қайраттың қазақ эстрадасына келгеніне небәрі алты-ақ жыл толды.
Екінші орында елдің сүйікті тобы - "Музарт" тобы. Қазақ эстрадасында жүргеніне 13 жыл болған топтың тойдағы гонорары - $6000-ды құрайды. Бүгінде "Музарттың" ән жазатын студиясы бар.
Жақында ғана Алматыда дүркіретіп концерт берген Қыдырәлі мен Қарақат табысты әншілер тізімінде үшінші орында тұр. Төрт ұлды тәрбиелеп отырған ата-ана әннен бөлек ойыншықтарды шығаруды да жолға қойған. Сонымен қатар, Қыдырәлі Болманов "Ұлытау" тобына да продюсерлік етеді. Жұлдызды жұптың тойдағы гонорары - $6000-ға тең.
Мәдина Сәдуақасова табысы жөнінен төртінші орында. Ол тойда ән шырқағаны үшін $5000 cұрайды.
Бесінші орында Ділназ Ахмадиева, алтыншы сатыда Лидо орналасты.
Табысты әншілер арасында "Ринго" тобы жетінші сатыға табан тіреген. Топтың жылдық кірісі $576 мыңға тең.
"Кешью" тобы сегізінші, "Жігіттер" квартеті тоғызыншы орында. Қыздар мен ерлерден құралған бұл екі топтың тойда өнер көрсетуі $5000-ға бағаланады.
Ал табысы мол әншілердің үздік ондығын Әли Оқапов түйіндеп тұр. Әли тойда қонақтардың көңілін көтеріп, өнер көрсетуі үшін 4000 АҚШ долларын сұрайды.
Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Құрманғазы мен Пушкин сүйісіп тұрған жарнама постерін дайындағандарға қатысты іс қаралды, деп жазады аталмыш басылым "Жазадан оңай құтылды" атты мақаласында.
Сот шешімімен, күйші Құрманғазыны орыстың классик ақыны Пушкинмен сүйістіріп қойған Havas Kazakhstan жарнама агенттігіне 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 185200 теңге, ал бас директор Дария Хамитжанованың өзіне 70 айлық есептік көрсеткіш немесе 129640 теңге айыппұл салынды.
Белгілі болғандай, апелляция берілмейді. Іс Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының постерді дайындаған Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігін Қазақстан Республикасы ӘЗК 349-бабы бойынша жауапқа тарту туралы хаттамасынан кейін қозғалды.
Естеріңізде болса, Пушкин мен Құрманғазыны сүйістіріп қойған постер халықтың ашу-ызасын тудырып, әлеумет арасында қызу талқыланған еді.