07:54, 04 Маусым 2010 | GMT +5
Майкл Джексонның туған қаласында әншінің мұражайы ашылады
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат - Аты аңызға айналған Майкл Джексонның туған қаласында әншінің мұражайы салынбақ. Гэри қаласының мэрінің айтуынша, жалпы ауданы 120 гектарды алатын үлкен кешен салу жоспарлануда. Онда Джексондар отбасының мұражайы, қонақүй, өнер орталығы және тіпті театр ашылады, деп хабарлайды «Маяк» радиосы.
Кешеннің құрылысы 300 миллион долларға бағаланып отыр. Бұл соманың бір бөлігін инвесторлар берсе, тағы бір бөлігін ұйымдар мен жеке тұлғалардың қайырымдылық жарналары құрамақ. Қала мэриясы өз тарапынан кешен құрылысына жерді тегін бергелі отыр.
Мұндай кешенді салуды кезінде Джексонның өзі жоспарлағанын айта кету керек. Ал әншінің әкесі болса, баласының идеясын жүзеге асыруға бар күш-жігерін салатынын айтып отыр.