Майлы дақылдар өсімдік шаруашылығының табыс драйверіне айналды - Сапаров
АСТАНА. KAZINFORM – Майлы дақылдар өсімдік шаруашылығының табыстылық драйверіне айналды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
- Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы тұрақты әрі серпінді даму бағытын көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9 трлн теңгеге жетіп, 8,1 пайызға өсті. Негізгі капиталға инвестициялар 2 есеге артып, 389 млрд теңгеге жетті. Өткен жылдың 11 айында қайта өңделген өнім экспорты 3,2 млрд АҚШ долларын құрап, 33,8 пайызға өсті. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешені экспортындағы қайта өңделген өнімнің үлесі 52 пайызды құрады, - деді министр.
Оның атап өтуінше, мұның бәрі өндірісті әртараптандыру мен қосылған құны жоғары өнімдерді ұлғайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
- Осылайша, өсімдік шаруашылығы саласында егіс алқаптарын әлемдік нарықта сұранысқа ие әрі жоғары рентабельді дақылдарға көшу жүргізілуде. Бүгінде майлы дақылдар өсімдік шаруашылығының табыстылық драйверіне айналды. 2025 жылы олардың өнімі алғаш рет 4,9 млн тоннаға жетіп, 48 пайызға өсті. Оның ішінде күнбағыс – 39, зығыр – 77 пайызға, рапс 2,2 есеге артты. Сонымен қатар далалық жұмыстарды жүргізуге жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен 12 айдан 15 айға дейінгі мерзімге жеңілдетілген кредиттер бөлінуде. Олардың қайтарымдылығы шамамен 99 пайызды құрайды, - деді Айдарбек Сапаров.
Айта кетейік, Үкімет отырысында экономиканы одан ары әртараптандыру тәсілдері пысықталып жатыр.