Маймыл шешегі вирусы АҚШ-тың барлық 50 штатында тіркелген
Дүйсенбіде аталған дерттен ада жалғыз аймақ - Вайоминг штатында вирус анықталғаны туралы хабарланды. Штаттың денсаулық сақтау департаменті Ларами округінде тұратын ер адамның вирус жұқтырғанын жариялады.
Қоғамдық денсаулық сақтау қызметкерлері қазір штатта маймыл шешегінің таралу қаупін азайту үшін вирус жұқтырған адаммен байланыста болған адамдардың санын анықтауда.
Мамыр айының ортасында Массачусетс штатында алғашқы науқас анықталғаны жарияланғаннан бері АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары дүйсенбіде бүкіл елде ауруға шалдығудың 14100-ден астам жағдайы тіркелкенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта вирус жұқтыру саны жағынан Нью-Йорк көш бастап тұр – 2,7 мыңнан астам адам, одан кейін Калифорния, Флорида, Техас және Джорджия бар.
Қоғамдық денсаулық сақтау қызметкерлері маймыл шешегі вирусымен ауырған кез келген адамды АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы мақұлдаған Jynneos вакцинасын салуға үндеп отыр.
АҚШ денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету департаментінің мәліметінше, 9 тамыздағы жағдай бойынша 620 мыңнан астам вакцина дозасы сатып алынды. Тағы 1,1 млн дозаға тапсырыс беруге болады.
Фото: abcnews.go.com