Мәйіттік донор болуға дайынсыз ба – дәрігермен сұхбат

Қоғамда өлімнен кейінгі ағза донорлығы мәселесі жиі көтеріледі. Себебі донорға мұқтаж науқастар саны жыл сайын артуда. Кезегіне жетпей, ерте көз жұматындар жетерлік. Осы орайда саладағы жаңалық пен бетбұрысты білу үшінТранспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары Назгүл Жылгелдинамен сұхбаттастық.

Назгүл Жылгелдина
Фото: Назгүл Жылгелдинаның жеке мұрағатынан

– Үкімет өлімнен кейінгі ағза донорлығына көңіл бөліп келеді. Әкімшілік құрылымда біршама өзгеріс жасалды, қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына келісім беру жүйесі жаңарды. Аталған қадамдар салаға қаншалықты ықпал етіп отыр?

– Кез келген донорлық әрекет – ізгілік бастауы. Қоғам мұндай ұстанымның маңызын түсініп, адам өмірін сақтаудың түрлі жолы барын білуі тиіс. Бұған мемлекет те мүдделі. Тиісті шешімдер қабылдануда. Мысалы, бірнеше жыл бұрын e-gov порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына келісім беру жүйесі енгізілгенін білесіз. Оған қоса жергілікті тіркелген емханада жазбаша өтініш жазу жеңілдеді. Соның нәтижесі болар, 2023 жылмен салыстырғанда өз еркімен өлімнен кейінгі ағза донорлығына тіркелгендер саны 3 есе артты.

– Қазақстанда қанша адам ағза донорлығына мұқтаж? Донорлар мен реципиенттерді есепке алу қалай жүргізіледі?

– Қаңтардағы статистикаға сүйенсек, Қазақстанда ағза донорлығына мұқтаж адам саны 4117-ге жетті. Донорлар мен реципиенттер есепке алынып, деректер базасы тұрақты жаңартылады. Бізде «Донорлар мен реципиентерді есепке алу медициналық ақпараттық жүйесі» қалыптасқан, бар дерек электронды форматта қолжетімді. Бұл өңірлердегі дәрігерлердің жедел әрекет етуіне көп септігін тигізуде.

Қызылорда облысында алғаш рет бауырға трансплантация жасалды
Фото: Қызылорда Көпбейінді облыстық ауруханасы

 

Өлімнен кейінгі ағза донорлығына келісім берген адам ерекше бақылауға алына ма немесе арнайы медициналық тексерістен өтуі міндетті ме?

– Бүгінде e-gov порталында қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына келісім берген қазақстандықтардың саны – 7357. Мәйіттік донорға келісім берген азаматтарға ерекше бақылау немесе арнайы медициналық тексеруден өту қажет емес. Себебі келісім берген адам міндетті түрде мәйіттік донор бола алатынына кепіл жоқ. Мәйіттік донор болу үшін науқаста күрделі асқыну салдарынан туындаған ми өлімі анықталуы керек. Бұл диагноз барлық науқасқа қойылмайды, басқа да түрлі аурудан бақилық болуы мүмкін ғой.

Айта кетерлігі, мәйіттік донордан ми өлімі анықталғанның өзінді, тіпті ол адам тірі кезінде келісім берсе де, міндетті түрде туыстарынан рұқсат алынады.

– Кейінгі 5 жылда қанша өлімнен кейінгі ағза трансплантациясы жасалды? Мұндай күрделі отаны жасауға лицензия алған қанша медициналық мекеме бар?

– «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес ағза/тін трансплантациясын жасау үшін емханаларға міндетті түрде лицензия керек. Қазақстанда мұндай лицензия 7 трансплантация орталығында бар. Астанада – 2 орталық: «University Medical Center» корпоративтік қоры; Ұлттық ғылыми онкология орталығы». Өзге өңірде де медицияналық мекемелер жұмыс істейді. Мысалы, Алматыда – «А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы, Шымкентте – қалалық клиникалық емханасы, Ақтөбеде – Ақтөбе медициналық орталығы, Қызылордада – көпбейінді облыстық емханасы, Түркістанда – Түркістан аймағының клиникалық емханасы лицензия алған. 2020 жылдан бастап 79 ағза трансплантациясы жасалды.

донор
Фото: UMC

 

– Мәйіттен қанша уақыт аралығында ағзаны алып үлгеру қажет? Білуімізше, бұл – шұғыл әрекетті қажет ететін іс. Мұндай жауапты жұмысқа материалдық-техникалық база дайын ба?

– Әр ағзаның ишемия мезгілі болады. Мысалы, жүрек пен бауыр – 4-5 сағат аралығында, бүйрек – 8-10 сағат аралығында алынуы керек. Уақыт тығыз, әр сағат, әр минут есептеулі. Мамандар процесс кезінде медициналық авиацияны, ең тиімді құрал-жабдық пен техниканы қолданады. Донорлық процесс басталғанда 50-70 маман қатысады, соның ішінде тиімді ұйымдастыру трансплантация координаторына тікелей байланысты.

– Қазақстанда ағза трансплантациясы отасын жасайтын дәрігерлер жеткілікті ме? Салада білікті арттыру бағытында қандай жұмыс атқарылуда?

– Мақтана айтуымызға болады, елде ағза трансплатациясы отасын жасайтын маман көп. Астанада Адильбек Мукажанов, Мэлс Асыкбаев, Жанат Спатаев, Джамиля Сапарбай, Тимур Лесбеков, Асель Медресова секілді дәрігерлер еселі еңбек етуде. Ал Ақтөбеде Мылтыкбай Рысмаханов, Қызолордада Жасулан Баймаханов мен Ербол Серикулы, Түркістанда Вячеслав Ли секілді білікті мамандар бар. Қазіргі таңда отандық дәрігерлердің тәжірибесі де қалыптасып келеді. Олай дейтініміз, медициналық мекемелерде туыстық донор трансплантациясын жасау ұлғайған. Кейінгі 5 жылда 995 ағза трансплантациясы жасалса, соның 79-ы ғана мәйіттік донордан алынған. Қалған бөлігі туыстық донорға тиесілі. Бұл тәжірибе мен машыққа әсер етері сөзсіз.

Оған қоса әр емханада дәрігерлердің білігін арттыру үшін арнайы жоспар бекітіледі. Сол бойынша түрлі конференция, шеберлік сабақтары ұйымдастырылып жатыр. Шетелде тәжірибе алмасу, шетелдік мамандарды Қазақстанға шақыру қарастырылған.

– Қоғамда әлі донор тапшылығы сезілуде. Осы орайда қайтыс болғанынан кейінгі ағза донорлығына келісім беруге қатысты ақпараттық жұмыстың нәтижесі қандай?

– Бұл бағытта түсіндірме және ақпараттық жұмыс жүйелі. Денсаулық сақтау министрлігі арнайы медиа-жоспар әзірледі. Өткен жылы 17 аймақтан тыс жиналыс болып, БАҚ-та 152 баяндама жарияланды. Тақырыпқа орай ұйымдастырылған байқаулар да көп көмегін тигізгенін айта кету маңызды. Мысалы, трансплантацияға мұқтаж балалардың арасында сурет салу және БАҚ мамандары арасында мәйіттік донорлық мәселесіне қатысты шығармашылық байқаулары нәтижеге бір қадам жақындатып келеді.

Соңғы жаңалықтар