Мажар компаниясы Қазақстанның бірнеше өңірінде күн электр стансасын салады

Мажарстанның Globalia компаниясы Қазақстанның бірнеше өңірінде күн электр стансаларын салады. Бұл туралы Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақордадағы кездесуден кейінгі бірлескен мәлімдемесінен мәлім болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

мажарстан
Фото: Pexels

«Қазіргі таңда қос мемлекет арасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Бүгін Виктор Орбан мырзамен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған нәтижелі келіссөз жүргіздік. Жан-жақты әріптестікті, ықпалдастықты нығайту халықтарымыздың мүддесіне сай келеді. Біз бүгін нақты әрі маңызды келіссөзге қол жеткіздік. Әсіресе екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға баса мән бердік. Осы орайда тауар түрін көбейтіп, жаңа мүмкіндіктерді пайдалану аса маңызды», — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Мажарстанға құны шамамен 700 млн доллар болатын 95 түрлі тауар жеткізе алатынын атап өтті.

«Энергетика, металлургия, машина жасау, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша өнім экспорттауға мүмкіндік бар. Біз инвестициялық серіктестікті одан әрі жандандыру үшін ірі жобаларды бірлесіп іске асырамыз деп уағдаластық. Сондықтан өзара тиімді жобалар тізімі әзірленеді», — деді Президент.

Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысындағы Рожков газ кеніші жыл соңына дейін іске қосылады. 

«Онда Мажарстанның MOL мұнай-газ компаниясының үлесі 192 млн доллар болмақ. Сондай-ақ, Globalia кәсіпорны еліміздің бірқатар аймағында күн энергия стансаларын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны - 150 млн доллар», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар