Мажарстанда биылғы жаз 125 жылдағы ең құрғақ болды

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы жаз Мажарстанда 1901 жылы тұрақты метеорологиялық бақылау басталғалы бері тіркелген ең құрғақ маусым болды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Еуропалық Одақтағы меншікті тілшісі хабарлайды.

Лето 2026 года в Венгрии стало самым засушливым за 125 лет
Фото: Anadolu

Алдын ала мәлімет бойынша, Мажарстанда биылғы жазда жауын-шашын мөлшері небәрі 74,1 миллиметрді құрады. Бұл 1991-2020 жылдардағы климаттық норманың 36 пайызына ғана сәйкес келеді. Бұған дейінгі ең төмен көрсеткіш 1952 жылы тіркеліп, сол жылы жауын-шашын мөлшері 101,3 миллиметр болған.

Осылайша 2026 жылдың жазы соңғы 125 жылдағы ең құрғақ маусымнан шамамен 30 миллиметрге құрғақ болды. Мажарстан аумағының 60 пайызға жуығында жауын-шашынның рекордтық аз мөлшері тіркелді.

Шілде мен тамыз айларында жауын-шашын мөлшері айтарлықтай азайып, қалыпты деңгейден 74 пайыз төмен болды. 1901 жылдан бергі бақылау деректерінде шілде ең құрғақ бесінші, ал тамыз төртінші орынға шықты.

2026 жылдың жазы метеорологиялық бақылау тарихындағы ең жылы екінші маусым ретінде тіркелді. Жаздағы орташа температура 23,43 градусқа жетіп, климаттық нормадан 2,59 градусқа жоғары шықты. Бұған дейінгі рекорд 2024 жылы жаңарып, сол кездегі орташа температура 23,58 градусқа жеткен еді. Ал 2026 жылғы тамыз бақылау тарихындағы ең жылы ай атанды. Оның орташа температурасы 24,9 градус болды.

Сондай-ақ 30 маусымда Сечень елді мекенінде Мажарстанның абсолюттік температура рекорды жаңарып, ауа температурасы 42,0 градус Цельсийге жетті.
Созылмалы құрғақшылық салдарынан Дунай мен басқа су айдындарындағы су деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке түсті. Бұл Пакш атом электр станциясының жұмысына әсер етіп, елдің ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян тигізді.

Бұған дейін БҰҰ аптап ыстық пен табиғи апаттар күшеюі мүмкін екенін ескерткенін хабарлаған болатынбыз.

Ақзат Жиеналина