Мәжіліс атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға бағытталған бірқатар конвенцияны мақұлдады

АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Ядролық қауіпсіздік туралы конвенцияны ратификациялау туралы», «Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы», «Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авария жағдайындағы көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобаларын мақұлдады,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң жобалары Мемлекет басшысының 2007-2008 жылдардағы Жолдауларын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте атом энергетикасының негізін құру, ядролық энергетика саласын дамыту бағыттары бойынша бірқатар шаралар атқарылатын болады. Ал аталған конвенциялар Қазақстанның осы мақсаттағы жұмыстарын, ынтымақтастығын жалғастыра түсу үшін маңызды болып табылады. «Ядролық қауіпсіздік туралы конвенция - ядролық қондырғылар қауіпсіздігіне тікелей бағытталған алғашқы халықаралық құқықтық құжат болып табылады. Вена қаласында 1994 жылы қабылданған Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің саны 65-ке жетті. Құжат ядролық қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне қол жеткізуге, жекелеген адамдарды, тұтас қоғамды қоршаған ортаны мұндай қондырғылардан шығатын йондаушы сәулелердің зиянды әсерінен қорғау үшін тиімді құралдар қалыптастыруға бағытталады», деді Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Әсет Мағауов.

Аталған конвенцияларды ратификациялау Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл құжаттарды бекіту еліміздің ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі шараларды жақтайтындығын көрсетеді және осы саладағы саяси бағытының өзгермейтіндігін қуаттайды.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобалары Парламент Сенатына жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар