Мәжіліс депутаттары БҚО-дағы сапарларын қорытындылады

ОРАЛ. Желтоқсанның 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Виктор Киянский, Шафхат Өтемісов және Елена Тарасенко желтоқсанның 1-інде БҚО-дағы сапарларын қорытындылап, Орал қаласында баспасөз мәслихатын өткізді,
None
None

 

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Нұр Отан" ХДП облыстық филиалында ұйымдастырылған шарада халық қалаулылары аудандардағы сайлаушылардың, атқарушы билік органдары өкілдерінің қатысуымен болған кездесулер барысын тілге тиек етті. Көп мәселелер депутаттар корпусының атсалысуымен шешімін тауып жатыр. Сондай жобалардың бірі - Жаңақала ауданында пайдалануға берілген полигон сынақтарынан зардап шеккендерді сауықтыру орталығы. Бұл орталықты ашу идеясын алғаш көтерген азаматтардың бірі, "Нарын" қоғамдық қозғалысының төрағасы Кәкен Көбейсінов болса, игі бастаманың аяқсыз қалмауы үшін батысқазақстандық депутаттар қолдау көрсетті. Нәтижесінде барлық керек- жарақпен жабдықталған еңселі ғимарат бой көтерді.

«Осы жолы біз өңірдегі шетел инвесторлары қаржыландыратын ірі жобалардағы қазақстандық үлестің қаншалықты деңгейде екендігін анықтауға тырыстық. Атап айтқанда, Бөрлі ауданында болып, «ҚПО б.в.» компаниясының жаңа басшылығымен кездестік. Жалпы, олар біздің отандық кәсіпорындармен тұрақты байланыста. Дейтұрғанмен, кейбір түйткілді тұстар да баршылық. Мәселен, жергілікті кәсіпорын-мекемелер Қарашығанаққа қандай тауар түрін ұсына алады немесе қызмет түрін көрсете алады, оны жеткілікті дәрежеде біле бермейді. Екі жақты үйлестіру үшін құрылған арнайы жұмыс тобының бүгінге дейін екі рет мәжілісі өткеніне қарамастан, әлі күнге сарапшылар тобы қызметке кіріспеген», деді Елена Тарасенко.

2009 жылы «ҚПО б.в.» мен батысқазақстандық он кәсіпорынның арасында қол қойылған әрқайсысы 500 мың АҚШ долларына татитын келісімшарттардың жағдайы мүлде мәз емес. Осы онның сегізінде түрлі себептермен келісімшарт орындалмай қалған. Депутаттардың айтуынша, компанияның жаңа басшылығы бұл мәселені алдағы 2010 жылы қайта қарастырып, шаруаға мұқиятырақ кіріспек.

Шафхат Өтемісовтың сөзіне қарағанда, биылғы желтоқсанның 1-інен бастап бензин бағасын әр литріне 82 теңгеден тұрақты ұстап тұру - дер кезінде қолға алынған шара. "Көктем мен күзде бензин бағасының шарықтауына жол бермеу керек. Әрі бұл екі ортадағы пайда тапқыш делдалдардың жолын кеседі. Елбасы тапсырмасына орай Үкімет іске кірісті, оның нәтижесі оң болуы тиіс", деді Шафхат Әнесұлы.

Соңғы жаңалықтар