Мәжіліс депутаттары Н. Сәбильянов пен Т. Ибраев Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығымен жүздесті
АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат -Қазақстан Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясымен айқындалған Жолдауды жұртшылыққа түсіндіру мақсатында Мәжіліс депутаттары Нұртай Сәбильянов пен Төлеген Ибраев Шығыс Қазақстан облысы аймақтарын аралап, жиырмаға жуық кездесулер өткізді.
Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Атап айтқанда Аягөз қаласында теміржолшылармен кездескен депутаттар, Көкпекті және Науалы балалар үйінде, Қалбатау, Үржар, Мақаншы және Көкпекті ауылдарында болып, дәрігерлермен, мұғалімдермен, Өскемен қаласында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында жастармен жүздесіп, сайлаушылардың тарапынан көтерілген мәселелерге назар аударды. Ондай кездесулер аясында Н.Сәбильянов пен Т.Ибраев Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталып, Парламент Мәжілісінің заң шығару қызметі мен «Нұр Отан» партиясы сайлауалды бағдарламасының атқарылуы жайында баяндап берді.
Сонымен қатар, жүздесулер барысында Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталған тарихи құжат екенін атап өтіп, оны жүзеге асыру жоспарына тоқталды. Сондай-ақ, Президент тапсырмасы бойынша Үкімет 2013 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын әзірлейтінін, шағын қалаларды дамыту жөнінде бағдарлама қабылданатынын жеткізді. Шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешені де қарастырылатын болады. Ал бұндай іс-шаралар тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға серпін береді.
Кездесулер барысында сайлаушылар тарапынан әртүрлі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу жөнінде көптеген ұсыныс-тілектер айтылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорындар ашу, кәсіпкерлікті қолдауға берілетін шағын несие көлемін арттыру және олардың қол жетімділігін қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстар жасалды. Жастарды жұмыспен қамту, тұрғын үй салу, ең төменгі зейнетақы мөлшерін арттыру, жер мәселесі, медициналық көмектің сапасын арттыру, шекарамен шектес елді-мекендерді дамыту және т.б. мәселелер көтерілді. Сонымен бірге, жұртшылық тарапынан атқарушы органдардың жұмыстарына, бюджет қаражатына салынып жатқан құрылыстарға, жолдарға қатысты сын-пікірлер де әңгімеге арқау болды.