Мәжіліс депутаттары облыс активімен кездесті - БҚО

ОРАЛ. 6 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысына Елбасы Жолдауын насихаттау үшін келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Камал Бұрханов пен Рысқали Аманжан облыс активімен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен төрағалық етті.

Мәжіліс депутаттары облыс активімен кездесті - БҚО

«Біздің мақсат - Жолдаудағы көтерілген өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіту, - деді облысқа сапарларының басты мақсатымен таныстырған Камал Бұрханов. Ол биылғы Жолдау мемлекеттің экономикалық өсіп-өркендеуі, даму деңгейі әрбір қазақстандық жанұяның тұрмысына әсер етуін көздейтінін атап өтті. «Жастардың 63 пайызы жоғары білімді. Ал жұмысшы мамандар жетіспей жатыр. Мұның бәрі айналып келгенде тәрбиеге байланысты. Ал тәрбие турасында мемлекеттік деңгейде үлкен жұмыстар атқарылғалы тұр», - деді  жастар арасындағы жұмыссыздық, баспана мәселесіне тоқталған халық қалаулысы.

Жиын соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауының мәні мен маңызын түсіндіру, көпшілік арасында кеңінен насихаттау мақсатында аудандарға шығатын ақпараттық-насихат тобының құрамы таныстырылды.