Мәжіліс депутаттары Р. Сәрпеков пен З. Саяпова Астанадағы вагон жөндеу зауытында болды
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Рамазан Сәрпеков пен Зухра Саяпова Астанадағы вагон жөндеу зауытында болып, осы кәсіпорынның ұжымымен кездесті.
Депутат Р.Сәрпеков атап көрсеткендей, бүгінде Қазақстанның индустриялық-инновациялық бастамалары кабинетте талқыланып қана қоймай, нақты өндірісте іске асуы тиіс. «Сол себепті біз Астанадағы ірі кәсіпорындардың бірі - вагон жөндеу зауытына келіп, осы жерде атқарылып жатқан жұмыстың барлығын өз көзімізбен көріп шықтық», - дейді халық қалаулысы. Сапар барысында депутаттар зауыт цехтарын аралап, жұмысшылармен кездесті. Сондай-ақ жаңа технологиямен да танысып шықты. «Зауыт басшылығының біраз бастамалары бар екен. Біз оның барлығын қадағалайтын боламыз», - деп атап көрсетті Р.Сәрпеков.