Мәжіліс депутаттары Семей қаласында екі күнде өз өтініштерімен келген 98 адамды қабылдады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Азаматтарды қабылдау барысында Семей қалалық әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық салалардың басшылары, қала прокуроры, Ішкі істер басқармасының өкілдері, зейнетақы төлеу орталығының, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары қатысып, бірқатар мәселелер бойынша түсінік берді.
Екі күн бойы депутаттар өз өтініштерімен келген 98 адамды қабылдады.
Азаматтар көтерген мәселелерге қорытынды шығарылғанда, негізінен тұрғындарды әлеуметтік мәселелер алаңдататыны анықталды. Соның ішінде семейліктер депутаттардан жұмысқа орналастыру, зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері, тұрғын үй алу үшін берілетін жеңілдіктер жөнінде сұрап білді. Тұрғындарды «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын жұмыстар қызықтыратыны мәлім болды.
Ондаған адам сот шешімі орындалмай жатқандығы жөнінде шағыммен келген. Сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмысына қанағаттанбай отырғандар да өтініш білдіріп, азаматтық құқықтарын қорғауға ықпал етулерін сұрады.
Сол жерде шешуге болатын сұрақтар бойынша жергілікті билік өкілдері жауап берді. Кейбір күрделі мәселелер бойынша депутаттар тиісті органдарға сауал жолдап, оң жауап берілуіне ықпал ететіндерін мәлімдеді.