Мәжіліс депутаттары Жолдауды түсіндіру мақсатында Жамбыл облысының жұртшылығымен жүздесті
АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын өңір жұртшылығына түсіндіру мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ұласбек Сәдібеков, Омархан Өксікбаев, Сергей Сорокиндер Жамбыл облысында болды.
Облыс жұртшылығымен жүздесу барысында Мәжіліс депутаттары Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді, оның ішінде халықты әлеуметтік қолдау, білім беру саласындағы жетістіктер және алға қойған міндеттер туралы хабардар етіп, еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің сақтауына барша қазақстандықтардың қосып отырған үлесіне тоқталды. Кездесуде сондай-ақ 2050 жылға дейін бағдарланған стратегияда қамтылған ерекшеліктер жайында сөз болды. Оның ішінде әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар, халықтық жоспарлар, қаржы саласындағы іс-шаралар жайында айтылып, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы атқарылып жатқан істермен таныстырды.
Жүздесу аясында мәжілісмендер жұртшылық тарапынан көтерілген түрлі сұрақтарға жауап берді. Қатысушылар Елбасы бастамасын үлкен ықыласпен қолдайтындықтарын жеткізіп жатты.