Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мәжіліс депутаттары «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының орындалу барысымен танысты

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясын қамтыған Жолдауын жұртшылыққа түсіндіру мақсатында сапарда жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шавхат Өтемісов, Самиғолла Оразов, Елена Тарасенко Батыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдараламасының жүзеге асуы бойынша мониторинг жасау жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысты.

Мәжіліс депутаттары «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының орындалу барысымен танысты

Отырыста бағдарламаның өңірдегі жүзеге асырылуы бойынша өткен жылдың есебі тыңдалып, алдағы бағыттарын жүзеге асыру жоспары тыңдалды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Ақпаратқа қарағанда, аталмыш бағдарлама аясында 2012 жылы облысқа 5 263,8 млн.теңге қаражат бөлінген. Бөлінген қаржының 305,5 млн. теңгесі игерілді. Атап айтқанда, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу негіздеріне 1709 адам оқытылып, 72,3 млн.теңге қаражат игерілген. Бұдан бөлек, бағдарламаға қатысушыларға шағын несие беру үшін 3172,8 млн.теңге қаражат қарастырылыпты. Жалпы бағдарлама шеңберінде несие алушылардың арасында 1556-і өз ісін ашса, 76-ы бизнесін кеңейтуге жұмсаған. Олар 1509 жұмыс орнын ашып, 437 адамды жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа қабылдады.

Сонымен қатар, сапар аясында депутаттар Теректі ауданында болып, Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауын ауыл тұрғындары арасында түсіндірді. Аудан басшылығымен кездескеннен кейін ауданда тұрғызылған Тәуелсіздік монументіне барып, тағзым еткен депутаттар бұқаралық спортты дамыту бойынша жабдықталған бірқатар нысандарды аралады. Содан кейін Елбасы Жолдауын кең көлемде насихаттау мақсатында аудан активіне қатысты.