Мәжіліс депутаты Абай ауданының 9 ауылында кездесу өткізді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Абай ауданындағы кездесулер Құндызды, Көкбай, Кеңгірбай би, Тоқтамыс, Саржал, Медеу, Қасқабұлақ, Архат, Қарауыл ауылдарында болды. Кездесулерде Мәжіліс депутаты Н.Сабильянов сайлаушыларға Елбасының биылғы жолдауындағы халықты жұмыспен қамту стратегиясы, Парламенттің заң шығару қызметі мен талқыланып жатқан заң жобалары туралы, «Нұр Отан» партиясының халықтық тұғырнамасының орындалуы жайлы баяндап берді. Сонымен қатар, Үкіметтің дағдарысқа қарсы қолданып жатқан шаралары, «Жол картасы» бағдарламасының мәнісі мен оның орындалуы туралы хабардар етті.
Сайлаушылар тарапынан жергілікті және республикалық маңызы бар көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының салдарынан зардап шеккен адамдарды әлеуметтік қолдау, соған байланысты қолданыстағы заңды жетілдіру, Абай ауданы ең жоғары радиациялық қауiптi аймаққа жататындықтан зейнеткерлікке шығу жасын төмендету, экологиялық төлемдерді төлеу, ең төменгі зейнетақы мөлшерін көбейту, халыққа медициналық көмек көрсетудің көлемін арттыру, елді-мекендерде дәрігерлік амбулаторияларда адамдардың жатып емделуіне жағдай жасау, бірқатар ауылдарды жедел-жәрдем автомашинасымен қамтамасыз ету және дәріханалар ашу, елді-мекендердегі инфрақұрылымды қалпына келтіруге қаражат бөлу мәселелері сөз болды.
Аягөз-Қарауыл, Семей-Қайнар, Семей-Күшікбай арасындағы автожолдарды күрделі жөндеу, жүн-тері жинайтын орындар ашу, ер балаларды әскер қатарына алу, Қарауыл ауылында спорт кешенін салу, Жидебайдағы халыққа қызмет көрсету орнының құрылысын жалғастыру, пошта қызметін жетілдіру, жұмыссыздық, шағын несие беруді қамтамасыз ету, қосымша телеканалдар қосу, интернат ашу және т.б. мәселелер көтерілді. Басқа да көптеген жеке сипаттағы сұрақтар қойылып, өтініштер берілді, елімізге белгілі қайраткер, ақын Ш.Әбеновтың жинақтарын жарыққа шығару ұсынысы айтылды.
Абай ауданының тұрғындары Елбасының тікелей эфирде халықпен сұхбаттасу барысында Семей ядролық сынақ полигонында зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қолдаудың мемлекет тарапынан ары қарай жалғасатыны айтылғанына ризашылықтарын білдіріп, зор сенім артуда.
Абай ауданында халықпен болған кездесулерде Мәжіліс депутатымен бірге Абай ауданының әкімі Е.Сүлеймен қатысып, ауданның жағдайына, жергілікті мәселелерге байланысты сұрақтарға жауап берді.