Мәжіліс депутаты Барсакелмес қорығына қатысты экологиялық мәселе көтерді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы, оның ішінде Барсакелмес жарты аралы, бұрынғы аралдар Қасқақұлан, Ұзынқайырды қоса алғанда, Арал теңізінің шығыс жағалауының солтүстік бөлігінде орналасқан.
Үкіметтің 2005 жылғы қарашаның 25-дегі «Мемлекеттік қорыққа жер телімдерін тұрақты пайдалануға беру туралы» қаулысымен «Барсакелмес» пен «Қасқақұлан» телімдері енгізілген, ал техникалық-экономикалық негіздемемен белгіленген және шалшықты-батпақты жерлер болып табылатын «Дельта» телімін бөлу Көкарал бөгетін және Ақлақ су тоспасын салуға байланысты тоқтатылған болатын.
Бөгет пен сутоспасын салғаннан кейін қазіргі кіші дельта су астында қалады да, оның орнындағы тайыз суға су құстарының тұрақтануына қолайлы қамыс пен шөптер толады. Өзен аңғарында ақырындап гигромезофитті шабындықты-тоғайлы өсімдіктер, әрі соған сәйкес жабайы жануарлар, оның ішінде сумаңы және орман құстары бар жаңа дельта қалыптасады. Теңіз маңы жағындағы дельталық көлдер мен тайыз сулар да балықтардың уылдырық шашатын жерлеріне айналады.
Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта бұл шаруашылық қызмет жүргізу, яғни аң-құс аулау, балық аулау, шөп шабу, отын дайындау, мал жаю мен браконьерліктің ең қолайлы жері болып отыр. Экожүйе құрамы мен құрылымды қайта құру жағдайында, бөгет пен Ақлақты іске қосқаннан кейін қарқынды антропогендік әсері шалшықты-батпақты жерлердің тұрақты деградациялану үдерісіне әкелуі мүмкін.
Қорық жағдайында Кіші Арал мен көлдер жүйесінің тұтастығын тұрақты дамыту үшін оларды сақтап қалудың, және кәсіпшілік фауна түрлерінің дамуын ұстап тұру мен жаңғыртудың бірден-бір кепілі.
Далалық Қазақстанда шалшықты-батпақты жерлер соншалықты мол емес. Десек те, Қазақстан жабайы құстардың маусымдық келу-қайту жолында маңызды транзиттік бөлік болып табылады. Осы өлкені бір кездері мекендеген 300-ден астам құс түрінен қазір 178-і ғана бар.
Сырдария өзенінің Кіші Аралға құяр тұсы аса маңызды болып табылады. Мұнда Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген көптеген құс түрлерін, атап айтқанда бұйрабас және қызғыш бірқазандар, аққулар, көкқұтандарды, үйректердің, қаздардың сирек кездесетін түрлерін кездестіруге болады.
«Осы өңірдің ғажайып флора мен фаунасын сақтауға деген алаңдаушылық пен Дүниежүзілік Банктің «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды қалпына келтіру» жобасын жүзеге асыруды ескере отырып, балық қорларын аяусыз тонау, құртуды болдырмаудың, биологиялық ресурстарды сақтап, тепе-теңдікте пайдалану, ыластануын төмендетудің түбегейлі шараларын қабылдау қажет.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының аумағын кеңейту туралы Үкімет қабылдаған шешім Қазақстанның шөлейттенуімен күрес, биоалуантүрлілікті сақтау және климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі БҰҰ Конвенциясының міндеттемелерін орындауына бағытталған. Қорыққа шалшықты-батпақты жерлерді қосып беру Рамсар Конвенциясының міндеттерін шешеді», деді Қ. Бисенов.
Депутат Үкімет басшысынан шалшықты-батпақты жерлер болып табылатын «Дельта» телімін Барсакелмес қорығына қосып беруге ықпал етуін сұрады.