Мәжіліс депутаты Р. Халмұрадов: Қазақстандағы ұлтаралық татулықтың, бірліктің сыры ? қазақ халқының кең пейілінде

АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Жуырда Парламент Мәжілісінде өткен «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның бір секциясы «Қазақстанның дінаралық және ұлтаралық келісім үлгісі: ЕҚЫҰ-ға тәжірибе» тақырыбына арналған еді. Осы басқосуда Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов еліміздің ынтымақ пен
None
None
бірлікті сақтау тәжірибесі, ұлттар достығы, мемлекеттік тілдің абыройы турасындағы келелі ойларын ортаға салды. Бұл бағыттағы ой-пікірлерін депутат ҚазАқпарат тілшісімен сұхбатында да жалғастырды. ? Розақұл Сатыбалдыұлы, Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін Еуропа жұртшылығына таныту мақсатында өткен жиында қандай мәселелерді қозғадыңыз? ? Мен әдеттегідей ұлттар достығына сызат түсірмей отырған Қазақстанның ынтымағы мен бірлігі туралы айттым. Қазақстан халқы тәуелсіздік жылдары қаншалықты қиыншылықты бастан кешірсе де, биік парасат пен ұстамдылық көрсетіп, ішкі алауыздық пен ұлтаралық тартыс туғызатын тауқыметтерге жол берген жоқ. Небір тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп, әлеуметтік, экономикалық, саяси жаңару жолына түскен біздің Отанымыз ? Қазақстан бүкіл әлемдік қауымдастықтағы өз орны, өз беделі бар абыройлы мемлекетке айналды.Алла бұйырса, келесі жылы Қазақстан әлемге танымал халықаралық ұйымдар: Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді, содан кейін Ислам Конференциясы Ұйымына да жетекшілік етеді. Осының барлығы этносаралық және конфессияаралық келісім арқылы қоғамдағы тұрақтылыққа бағытталған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі. Елбасымыз өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында дағдарысты еңсеру үшін, тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін қоғамның барлық мүшелерін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыс істеуге, бірлік пен ынтымақта өмір сүруге шақырды. Тіршілік ынтымағы жарасқан елде ғана баянды болады. Бізге ендігі керегі ? ынтымақ. Жақсылыққа жаға жыртысып жетпейді, жарыса жүріп жетеді. Қазаққа да, қазақпен тағдырын қосқан өзге этнос өкілдеріне де ең алдымен керегі осы ? бірлік пен ынтымақ.? Қазақ елінің тұрғындары тегіне, ұлтына, дініне қарамай, біртұтас идеяға, яғни Қазақстанның бейбіт жағдайда өркендеп дами беруі жолында қызмет етуі тиіс деп жиі айтамыз. Азаматтарымыздың патриоттық сезімін қалыптастыру бағытында қандай жұмыстар істелуі қажет деп есептейсіз? ? Әрбір Қазақстан азаматы халық мүддесін, мемлекеттің тұтастығын бәрінен де жоғары қоюға міндетті. Ел бірлігін сақтап, бүкіл қоғам болып жұмылып, сыннан, дағдарыстан сүрінбей өту үшін атсалысуымыз қажет. Қазіргі жаһандану заманында, кез келген елде тұлғалық ұлттың тіліне, мәдениетіне, парасаттылығына сүйенбей, халыққа жайлы азаматтық қоғамды қалыптастырмай, гүлденген ұлттық мемлекеттің іргетасын қалау мүмкін емес. Дүниежүзінде егемен мемлекет болған елдердің барлығында басқа этнос өкілдері мемлекет құрушы байырғы ұлт төңірегіне топтасып ? біртұтас халық болып, бір тілде сөйлеп, болашаққа сенімді түрде аяқ басып келеді. Конституциямызда айтылған «Біз Қазақстан халқы» деген ұғымды, барлық қоғам мүшелері басшылыққа алып, ту етіп көтеріп жүруіміз қажет. Халық бірлігі ? мемлекеттілік негізі. Қоғамдық бірлікті нығайту арқылы ғана біз алдымызға болашағы күшті, өркендеп дамыған Қазақстан туралы ұлы мақсаттар қоя аламыз.Қазақстан жерін мекен еткен барлық этнос өкілдері татулығының, бірлігінің сыры ? қазақ халқының кең пейілі, қонақжай, табиғи болмысында, бітімшіл жаратылысында. Сол себепті елімізде тұратын барша этнос өкілдері қазақ ұлтының дамуына мүдделі болуы керек. Өйтпегенде, әртүрлі қақтығыстар орын алуы әбден мүмкін. Есесі кетіп бара жатқан ұлт ызақор келеді де, сөз жоқ, басқаларға тиіседі. Қазақстандағы этностар алдымен қазақтың дамуына ниеттес болмай, өздері дами алмайды. Ал, оның басты белгісі ретінде қазақтың тілін үйренуі қажет.? Осы бағытта қандай ұсыныстар айттыңыз? ? Қай кезде болмасын, ана тілі мәселесі ? сол тілде сөйлейтін, сол тілден сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі. Елдіктің негізгі шарттары, түптеп келгенде, мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді. Иә, тіл қашанда болмасын, мемлекеттің ? ең асыл қасиеті, табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Тіл де жанды нәрсе сияқты, қалыптасады, дамиды, өркендейді, өседі немесе құлдырайды, кемиді, өшеді, жойылады. Тіл ? ұлттың тірегі. Ол ? жан дүниеңді ашып көрсететін мөлдір айнаң. Осы айна бетіндегі тоталитарлық жүйе түсірген дақты кетіріп, дидарымызды анық көруге ұмтылғалы да біраз жыл болды. Тілдерді дамыту ? еліміздегі мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі. Тіл проблемаларын оңтайлы шешу ? ұлтаралық қатынастар үйлесімділігінің, халық бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудың түпқазығы болып табылады. Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев айтқандай: «... Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт ? тілі болуы». Қай мемлекет болмасын, оның мемлекеттік тілінде сол елдің тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайын даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі ? бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы қандай кең болса, тілі де сондай бай. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда көптеген этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысы күннен-күнге арта түсуде.? Еліміздегі өзбек ұлтының жастары тілді меңгеруде қандай табыстарға жетуде? ? Жастарды қазақстандық патриотизм рухында, отаншыл, отансүйгіш етіп тәрбиелеуде мемлекеттік тілдің орны ерекше екендігін есепке ала отырып, Білім және ғылым министрлігінің келісімі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Аз ұлттар жөніндегі жоғары комиссарының қолдауымен өзбек тілінде сабақ беретін екі мектепте мемлекеттік тілді тереңдетіп оқытуға арналған жоба іске асырылды. Жоба аясында кейбір пәндер, яғни, Қазақстан тарихы тағы басқа пәндер қазақ тілінде оқытылды. Нәтижесіне қарасақ, егер 2004 жылы 181 мектеп бітірушілердің 13-і мемлекеттік грант, біреуі «Алтын белгі» алған болса, бұл көрсеткіш жыл сайын артып, 2008 жылы 121 мектеп бітірушілердің 84-і грант, 14-і «Алтын белгі» алды. Қазақстан Республикасы өзбектерінің «Достлик» қауымдастығы жыл сайын «Мемлекеттік тілді білу ? парызың!» атты конкурс ұйымдастырады. Сол конкурстарда қазақ тілін меңгерген өзбектің ұлдары мен қыздары мемлекеттік тілде сөйлегенін көріп, шын жүректен қуанамын. Елім, Отаным деген мемлекеттік тілдің патриоттарының көбейіп жатқанына қуанамын. Ниет етіп талпынса, адамның алмайтын асуы болмайтынына көзім жетті. Дағдарыстан жаңа даму жолына бет түзеген Қазақстанның, оның мемлекеттік құрылысының алдында тұрған міндеттері күрделі, ауқымды әрі алуан түрлі. Солардың ішіндегі ең бір өзектісі, рухани-тарихи маңызымен ұрпақтар сабақтастығы, тәрбиесі мен болашағы үшін орны ерекше проблема ? қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін арттыру, оны еліміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылуын іс жүзінде қамтамасыз ету. Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының он екінші сессиясындағы баяндамасында «Мемлекеттік тіл, бұл ? Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді дәл сондай рәміз... Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз» деген болатын. Елбасының осы тапсырмасын орындауға атсалысқанымыз жөн. - Рақмет әңгімеңізге.
Соңғы жаңалықтар