Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев:Өткен тарихтан сабақ алу үшін жас ұрпақ халықтың басынан кешкен қайғылы нәубетті жүрекпен ұғына білу қажет

АНА. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - ХХ ғасырда қазақ халқы зұлматты да қасіретті жылдарды бастан кешірді. 1897 жылғы Ресей империясы жүргізген алғашқы жалпы санақта қазақ халқының саны 4 млн 084 мың болған.Ал 1939 жылғы санақта үш-төрт есе өсудің орнына 40 жыл бұрынғы 1897 жылғы көрсеткішінен де екі еседей азайып кеткен. Яғни, 1937 жылы қазақтардың саны 2 млн 300 мыңдай болған.
None
None

Егер 1930 жылдардағы нәубеттер болмағанда, 1989 жылы қазақ халқының саны табиғи өсім бойынша 32 миллионнан асып түсуге тиісті екен. Және бір деректер келтіруге болады. Тарихшылардың зерттеуіне сүйенсек, 1921-54 жылдар аралығында бұрынғы Кеңестер одағының 3 млн 777 мың адамы жаппай жазалауға ұшыраған. Оның 642 мыңы ең ауыр үкімге, яғни, өлім жазасына кесілген екен! Қазақстанда 100 мыңнан астам адам сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесіліпті. Ең көп адам шығыны біздің елімізде болыпты. Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев сталиндік қуғын-сүргінге қатысты өз ойларын ортаға салды. 

- Жексенбай Қартабайұлы, әр елдің, әрбір халықтың басынан кешкен қасіреті болады. Қазақ халқы өткен ғасырдың 30 жылдары небір нәубеттерді бастан кешірді. Біздің елімізде мамырдың 31-і қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл 1997 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілді. Осы бір қасіретті күнге орай Сіздің пікіріңіз? 

- Шетелдердің тарихына көз салсақ, Кеңес үкіметіндей өз халқын өзі жаппай қырған мемлекет жоқ шығар. 1937 жылдары ел ішіндегі азаматтар «Халық жауы» деген жаман атқа таңылып, жазықсыз сотталды, үштік сотының шешімімен дереу атылды. Қанша арыстарымыздың сүйегі қай жерде қалғаны әлі күнге белгісіз. Әсіресе, оқыған, билік басында қызмет істеп жүрген азаматтар жаппай қуғынға ұшырады. Олардың өздері ғана сотталмай, әйелдері де түрмеге жабылды. Балалары жан-жаққа тоз-тоз болып кетті. Былайша айтқанда, бақыты ұйып отырған талай шаңырақтың төбесі ортасына түсті.

 - Отбасы мүшелерін түгел жазалау басқа ешбір елде болмаған ғой, солай ма? 

- Иә, бұл халықтың басына түскен нәубет болды. Ол тарихта сталиндік репрессия деген атаумен қалды. Біздің еліміз қуғын-сүргінге ұшырағандарды мамырдың 31-інде еске алу күні деп белгіледі. Мен мұны өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін қажет дүние деп есептеймін. Жазықсыз құрбан болғандарды еске алу күні елдің басына мұндай күн тумасын, енді қайталанбасын, халыққа қасірет бұлты үйірілмесін деген ниеттен туған. Ақмола облысының бұрынғы Малиновка мекені қазір Ақмол ауылы деп аталады. Мұнда 1937 жылы ашылған «26-нүкте» деген «АЛЖИР» түрмесі болды. «АЛЖИР» болуы «Акмолинский лагерь жен изменников Родины» деген атаудан шыққан. Бұл мекен Астана қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. 2007 жылы қаңтарда Целиноград ауданының орталығы сол Ақмол ауылына көшіп барды. Мен ол кезде аталған ауданның әкімі едім. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қуғын-сүргінге ұшырағандарға сол ауылда ескерткіш кешенін орнатып, мұражай ашу жөнінде бастама көтеріп, тапсырма берді. Мұражай кешенін салу жұмысы Ақмола облысы мен Астана қаласы және Целиноград ауданына жүктелді. Мұражай кешені 2007 жылдың наурызында басталып, мамырдың соңында бітті. 31 мамырда Елбасы өзі барып, ашқан болатын. Ол есте қаларлық күн болды. Кешенде «Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен салынған» деп тасқа ойылып жазылған белгі бар. Жазықсыз азапқа түскен аналардың ғұмырын суреттеген мұражай кешенін көрген адамның жүрегі шымырламай тұра алмайды. 

- 1937-38 жылдардағы оқиғаларға 70 жылдан астам уақыт өтті. Мұражай кешеніне материалдар қайдан жиналды? 

- Бірқатары жергілікті жерден табылды. Мұрағаттардан алынды. Еліміздің мұражайларынан жиналды. Жазған хаттары, азапты жылдардағы суреттері сақталған. Әлі де материалдар жиналу үстінде. Ел арысы болған адамдардың әйелдері мен балалары осында тұтқында ұсталғандығы жайлы мәліметтер көп жиналды. 1950 жылдарға дейін АЛЖИР-де нақты 8 мыңдай адам отырғаны жөнінде дерек бар. Оның бірқатары осы жерде бақилық болған. Дәл осындай түрме Қарағанды облысында болды, ол «КарЛаг» деп аталды. Сол кездегі сталиндік басшылықтың ұйғарымымен осындай лагерлер Қазақстанда орналасқан ғой. Барлық Кеңес одағы бойынша сотталған азаматтардың әйелдері осы «АЛЖИР» түрмесіне әкелінді. Олардың бірқатары бұл өңірге тұрақтап қалды, елге бауыр басып кетті. Ұрпақтары қазірге дейін хабарласып тұрады. Жаппай қуғын-сүргін елдің дамуына, халықтың өсуіне өзінің кері әсерін тигізді. Дегенмен оның бәрі кейін, яғни, 1953 жылдан бастап әшкереленіп, «Халық жауы» атанғандар ақталды. 

- Біздің ұлт зиялыларынан кімдердің әйелдері осы «АЛЖИР» абақтысында болған екен? 

- Тұрар Рысқұловтың, Сәкен Сейфуллиннің және басқа азаматтардың әйелдері жөргектегі сәбилерімен осы лагерге жіберілген. Тұрардың әйелі Әзиза мен енесі Әлиса да осында болыпты. Енесі «АЛЖИР» лагерінде қайтыс болып, сонда жерленген. Сәкеннің әйелі Гүлбахрам осында келе жатқанда, баласы Аян жолда қайтыс болады. Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал, Темірбек Жүргеновтің әйелі Дәмеш те осында «жазасын» өтеген. Г.Серебрякова, З.Плесецкаялар болған. Армия басшысы болған атақты Блюхердің шешесі, қолбасшы Тухачевскийдің екі қарындасы да «АЛЖИР» түрмесінің тұтқындары болғаны анықталып отыр. Бұдан басқа Ресей, Украина және басқа республикалардағы атақты басшылар, ғалымдар мен жазушылардың әйелдері осы түрмеге әкелінген. «АЛЖИР» өз алдына бөлек ауыл сияқты болып тұрған ғой. Өздерінің тігін цехтары мен шағын шаруашылықтары болған, барақтарда тұрған. Атақты әншілер де болыпты. Бұл жерде қайтыс балғандардың зираттары да бар. Бастарына бастапқыда қалақ орнатқан шығар, қазір тек төбешік күйінде жатыр. 

- «АЛЖИР» түрмесі болған жерге, онда орнатылған мұражай кешеніне барып көретін адамдар аз болмас?

- Қазір өз еліміздің әр өңірінен де, шетелден де арнайы келіп, азап тозағына айналған түрменің орнын көріп жатқа адамдар баршылық. Зерттеуші тарихшылар да келеді деп естимін. Кезінде осында күндерін өтеген жандардың үрім-бұтақтары да келіп көреді. Әсіресе, мектеп басшылары мен мұғалімдерінің бастамасымен оқушылар ұйымдасқан түрде барып, тарихи деректермен танысуда. 

- Өз ата-бабаларыңыздың ішінде сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандар болған жоқ па? 

- Жоқ, әке-шешелеріміз ондай қасіретті бастан кешпеген. Көп жағдайда атақты адамдар сотталған ғой. Арасында қарапайым адамдар да сотталып кеткенін тарихтан жақсы білеміз. 

- 1920-30 жылдары байларды және орта дәулетті адамдарды кәмпескелеу, коллективтендіру жұмыстары қазақ халқына аз қасірет әкелген жоқ. Одан кейін ашаршылықта халықтың тең жартысы құрбан болды. Сіз өскен Күлшін ауылында аштыққа ұшырағандардың аз болмағаны, олардың біразы Ақмола қаласына келіп, қазіргі темір жол вокзалының қасында жеркепеде тұрып, көбі сол жерде қаза болғаны жайлы марқұм Қимаш Сыздықов жазған еді. Сіз қандай ой қосасыз? 

- 1932-33 жылдары Қазақстанды Голощекин басқарып тұрған кезде елде жаппай аштық болғаны белгілі. Тарихта 2,5 млн қазақ қырылғаны жөнінде жазылып жүр. Бұдан да көп болуы мүмкін. Алдымен байларды жазалады, одан кейін коллективтендіру науқаны басталып, барлық адамның малдарын жинап алды, халық аштыққа ұшырады. Ел азды, жан-жаққа көшіп кетті. Жан сақтау үшін солтүстіктегілер Ресейге қашты, шығыстағылар Қытайға, батыс пен оңтүстіктегілер Түрікмен, Өзбекстан жерлеріне барып, бас сауғалады. Күлшін ауылында да аштық нәубеті болған. Қимаш ақсақал өз көзімен көргендерін жазған, ондай оқиғалар болғаны рас. Қ.Сыздықов өткен жылы 92 жасында дүниеден озды. Көпті білетін қария еді. Ол Орал облысында қызмет атқарды, 1952 жылдан бастап Ақмола облысына көшіп келіп, Калинин, Целиноград, Қорғалжын, Сандықтау аудандарында бірінші хатшы және аудандық атқару комитетінің төрағасы болып істеді. Сондықтан Қимаш ақсақалдың 1930 жылдардағы аштық туралы жазғанының барлығы шындық екені күмәнсіз. Өзі ол кезде Ақмола қаласындағы темір жол құрылысы училищесінде оқып жүрген ғой. Кеңестер одағында сталиндік репрессиядан аман қалған халық жоқ шығар, сірә. Алайда, қуғын-сүргінге, ашаршылыққа көп ұшыраған халық, ол - қазақ халқы. Арыстарымыздың қуғын-сүргінге ұшырағанын сол кездің қатал жүйесінен болған қасірет екенін бүгінгі және ертеңгі ұрпақ біліп өсуі қажет. Ескерткіштер мен мұражайлар сол үшін қызмет етеді. Бұл жастарымызға осындай оқиғаларды болдырмау мақсатындағы үлкен сабақ. Өткен тарихтан сабақ алу үшін жас ұрпақ мұражай кешендерін, ескерткіштерді көріп, халықтың басынан кешкен қайғылы нәубетті жүрекпен ұғына білуі қажет.

- Қасіретті жылдарды ұрпақ санасында сақтау туралы толымды пікір білдіргеніңізге рақмет.

Соңғы жаңалықтар
Референдум