Мәжіліс «Газ және газбен жабдықтау туралы» және басқа да заң жобаларын мақұлдады
ТАНА. 2 қараша. ҚаАқпарат. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілік етуімен Палатаның жалпы отырысы болып өтті, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.
Бүгін жалпы отырыста «Кеден одағының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктің ерекшеліктері туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы талқыға салынып, толықтай мақұлданды.
Аталған Шарт кеден ісі саласында қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарды, Кеден одағының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту қағидаттарын және тәртібін айқындау кезіндегі қарым-қатынастарды құқықтық реттеу мақсатында жасалған.
Мәселен, Шартқа сәйкес Кеден одағының кеден аумағында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам, аумағында әкімшілік құқық бұзушылық анықталған Тараптың заңнамасы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартуға жатады. Әкімшілік процесс (іс жүргізу) адам әкімшілік жауаптылыққа тартылатын не тартылуға тиіс Тараптың заңнамасы бойынша жүргізіледі (жүзеге асырылады).
Қылмыстық іс - қылмыстың жасалған жері бойынша, ал, қылмыстың жасалған жерін айқындау мүмкін болмаған жағдайда, қылмыстың ашылған жері бойынша қозғалады және тексеріледі. Адам қылмысты бірнеше Тараптың аумағында жасаған жағдайда, соңғы қылмыстық әрекет жасалған Тараптың аумағы қылмыс жасалған жер болып есептеледі. Егер адам қылмысты әртүрлі Тараптың аумағында жасаса, онда уәкілеттік берілген органдар арасындағы келісім бойынша қылмыстық іс Тараптардың заңнамасына сәйкес аумағында қылмыстардың көпшілігі немесе аса ауыры жасалған Тараптың аумағында тексерілуі мүмкін.
Сонымен бірге бүгін «Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының қылмыстық істер мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша құқықтық көмегі және өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да мақұлданды. Бұл Келісім 2010 жылғы 5 шілдеде Астанада жасалды.
Келісім бұзушылықтарды тергеуде бір-біріне барынша кең көлемде жәрдем көрсету және қылмыстық істер мен әкімшілік құқық бұзушылық істерді тергеу кезінде және оларды әдістемелік қамтамасыз етуде, сондай-ақ аталған салада ақпарат алмасуда өзара іс-қимылды ұйымдастыру жолымен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру мақсатында жасалды.
Келісімнің қолданылу саласы қылмыстарды ашу, Кеден одағының кеден заңнамасы мен сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген Тараптардың заңнамасын бұзғаны үшін кінәлі адамдарды қылмыстық, әкімшілік жауаптылыққа тарту мақсатында Тараптардың кеден органдарының құқықтық көмегі мен өзара іс-қимылы болып табылады.
Келісімде ақпарат пен құжаттарды ұсыну туралы сұрау салуларды, жекелеген процессуалдық іс-қимылдарды жүргізу туралы тапсырмаларды жолдау тәртібі, осы сұрау салуларды орындау тәртібі, жекелеген процессуалдық іс-қимылдарды жүргізу туралы тапсырмаларды орындаудың ерекшеліктері белгіленеді. Сонымен қатар, ақпарат алмасу және әдістемелік көмек көрсету тәртібі регламенттелген.
Осы екі заң жобасы бойынша ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев баяндама жасады. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Уәлихан Қалижанов қосымша түсінік берді.
Келесі кезекте «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыға салынды. Бұл келісімнің мақсаты туралы ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров қысқаша баяндап өтті. Ал Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Үсенгелді Медеуов қосымша баяндама жасады.
Екі ел арасындағы келісім 2009 жылғы 10 маусымда Минскіде жасалды. Келісімнің 3-бабына сәйкес барлық қызмет Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сай жүзеге асырылады және Тараптардың әрқайсысының қажетті қаражатының болуына байланысты болады. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық төтенше жағдайлар мониторингі мен оларды болжау туралы ақпарат алмасуды; халықтың төтенше жағдайларда іс-әрекет жасауға дайындығын, оның ішінде алғашқы көмек көрсету жөніндегі дайындықты ұйымдастыруда тәжірибе алмасуды; төтенше жағдайларды жою жөніндегі мүдделі мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруды; өнеркәсіптік авариялар, апаттар мен дүлей зілзалалар салдарынан ықтимал ластануға байланысты қоршаған табиғи орта мен халыққа келетін қатерді бағалауды; құзыретті органдар арасында өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді; көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыру кезінде өзара көмек көрсетуді; төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмек көрсетуді көздейді.
Көмек сұрау салу негізінде көрсетіледі, онда сұрау салушы Тарап төтенше жағдайдың сипаты туралы ақпаратты ұсынады, қажетті көмектің түрлері мен көлемін көрсетеді.
Ұсынушы Тарап қысқа мерзімде салынған сұрауды қарайды және сұрау салушы Тарапты көмек көрсетудің мүмкіндігі, көлемі және шарттары туралы хабардар етеді.
Көмек көрсету жөніндегі топтарға басшылық жасауды осы топтардың басшылары арқылы сұрау салушы Тараптың құзыретті органы жүзеге асырады.
«Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед баяндама жасап, депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бағила Баймағамбетова заң жобасы туралы қосымша түсіндірді.
Конвенция 1970 жылғы 14 қарашада Парижде қабылданды. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін әрбір мемлекет археология, тарихқа дейінгі кезең, тарих, әдебиет, өнер және ғылым үшін маңызы бар деп қарайтын діни немесе зайырлы сипаттағы құндылықтар мәдени құндылықтар болып саналады және сол құндылықтар төменде санамаланатын санаттарға жатады:
- сирек коллекциялар және флора мен фаунаның, минералогияның, анатомияның үлгілері және палеонтология үшін қызығушылық тудыратын заттар;
- ғылым мен техниканың тарихын, соғыстар мен қоғамдар тарихын, сондай-ақ ұлт қайраткерлерінің, ойшылдардың, ғалымдар мен әртістердің өміріне және ірі ұлттық оқиғаларға байланысты тарихты қоса алғанда, тарихқа қатысты құндылықтар;
- археологиялық олжалар мен археологиялық жаңалықтар;
- бөлшектелген көркем және тарихи ескерткіштер мен археологиялық орындардың құрамдас бөліктері;
- жазулар, нақышталған монеталар және мөрлер сияқты жасалғанына 100 жылдан асқан көне заттар;
- этнологиялық материалдар;
- көркем құндылықтар;
- сирек қолжазбалар, көне кітаптар, ерекше тарихи, көркем, ғылыми, әдеби қызығушылық тудыратын құжаттар мен басылымдар.
Конвенцияға сәйкес осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер, мәдени құндылықтарды заңсыз әкелу, әкету және оларға меншік құқығын беру осы құндылықтар шығарылған елдердің мәдени мұрасының жұтаңдануының басты себептерінің бірі болып табылатынын және халықаралық ынтымақтастық өздеріне тиесілі мәдени құндылықтарды осыған байланысты барлық қауіптерден қорғауды қамтамасыз етудің неғұрлым пәрменді құралы болып табылатынын мойындайды.
Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер осы Конвенция күшіне енгеннен кейін Конвенцияға қатысушы басқа мемлекеттерден шыққан, заңсыз әкетілген мәдени құндылықтарды өз аумақтарында орналасқан мұражайлар мен басқа да ұқсас мекемелердің сатып алуын болғызбауға бағытталған ұлттық заңнамаға сәйкес барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Мүмкіндік болған барлық жағдайда бұл мәдени құндылық шығатын және осы Конвенцияның қатысушысы болып табылатын мемлекетті осы Конвенция екі мемлекетте де күшіне енгеннен кейін бұл мемлекеттен заңсыз әкетілген осындай мәдени құндылықты қайтару мүмкіндігі туралы хабардар етуге міндеттенеді.
Аталған заң жобалары толықтай мақұлданып, Сенатқа жіберілді.
Бұдан кейін «Газ және газбен жабдықтау туралы» заң жобасы талқыға салынған соң, мақұлданды. Заң жобасы туралы ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев баяндама жасады. Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Владимир Нехорошев қосымша баяндама жасады.
Айта кету керек, бұл заң жобасы Қазақстан Республикасының энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұтынушылардың барынша кең ауқымын іркіліссіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге жағдай жасау әрі республиканың отын-энергетикалық балансында газ үлесін арттыру және әсіресе, өндірілетін ілеспе газды Қазақстан Республикасының мұқтаждықтарына тиімді пайдалануға жағдай жасау мақсатында әзірленген.
Сондай-ақ бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші және оқылымда талқыға салынды. Бұл заң жобасы да Палата тарапынан қолдау тапты.
«Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель баяндама жасап, түсінік берді. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Ольга Киколенко қосымша баяндама жасады. Заң жобасында құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға жол-көлік оқиғалары мен олардан зардап шеккен адамдардың есебін жүргізу бойынша өкілеттіктер беруді көздейді. Бұл заң жобасы да толықтай мақұлданды.
Сонымен қатар Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу уақыттарын нақтылау бойынша Палата шешімі шығарылды.
Жалпы отырыста депутаттар бірқатар лауазым иелеріне сауалдар (депутаттар сауалы Парламент сайтында (www.parlam.kz) жеке-жеке берілді) жолдады.