Мәжіліс Кеден одағы аумағында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы шартты мақұлдады

АСТАНА.  19 қыркүйек. ҚазАқпарат -Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен жалпы отырыста палата депутаттары  «Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Мәжіліс Кеден одағы аумағында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы шартты мақұлдады

2011 жылдың 19 желтоқсанында Мәскеу қаласында жасалған шартқа сәйкес, тараптардың құқық қорғау және уәкілетті органдарымен өзара іс-қимыл жасауда Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын өткізу кезінде қылмыс арқылы алынған кірістерді заңдастыруға қарсы шараларды көзделеді.

«Шартта кеден органдары қолма-қол ақша қаражатын өткізу кезінде кеден қызметкерлеріне осы мәселені бақылауды жүзеге асыру міндеті жүктеледі. Бұл ретте құқық қорғау органдарынан, қаржы-мониторинг органдарынан тиісті ақпарат алған кезде қызметкерлер ондай қаражаттың өтуін тоқтата тұруға байланысты өкілеттікке ие болады. Тоқтатылған ақша қаражаты тиісті тараптың кеден органдарында жүзеге асады», - дейді Қаржы министр Болат Жәмішев.

Заң жобасында тараптардың бірлескен өзара іс-қимыл тәртіптері, ақпарат алмасулар жайы қамтылған.