Мәжіліс кезектен тыс Президенттік сайлау өткізуді қарастыратын заң жобасын өндіріске алды
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын өндіріске алды.
Аталған заң жобасымен «ҚР Сайлау туралы» және «ҚР Президенті туралы» заңдарға өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, бұл ретте кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу мәселесі қарастырылған.
«Заң жобасына сәйкес кезектен тыс Президенттік сайлау ҚР Президентінің шешімімен тағайындалады және тағайындалғаннан кейінгі 2 ай мерзімінде өтеді. Кезектен тыс сайлаулар кезекті сайлаудың тәртібімен өтеді. Сайлау науқанының мерзімін Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Ал одан кейінгі кезекті сайлау 5 жылдан кейінгі заңда белгіленген мерзімде өтеді. «ҚР Президенті туралы» заңға енгізілетін өзгерістерге сәйкес, кезектен тыс сайланған Президенттің ант қабылдауы сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейін 1 ай ішінде өтетін болады. Ант қабылдау мерзімін ОСК анықтайды»,-деді заң жобасы бойынша түсініктеме берген Мәжіліс депутаты Рахмет Мұқашев.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 14 қаңтарда Парламент қабылдаған, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Президенттік өкілеттігін референдум арқылы ұзарту мүмкіндігін қарастырған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерту мен толықтыру енгізу туралы Заңды Конституцияға сәйкес емес деп таныған қаулысына байланысты Қазақстан халқына Үндеу арнады. Президент Үндеуінде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі референдумды өткізбеу туралы шешім қабылдағанын, Қазақстанда мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы Парламентке ұсыныс енгізетінін айтты.
"Бір жағынан, мен сайлаушылардың басым көпшілігін құрайтын бүкілхалықтық бастаманы кері қайтара алмаймын. Мәселенің екінші қыры, мен Елбасы және Конституцияның кепілі ретінде болашақ саясаткерлерге жаңылыс бағыт сілтейтін іске жол бере алмаймын. Сондықтан, мені халық дұрыс түсінеді деп сенемін. Біз бұл жайтты жай «қабылдау немесе бас тарту» ретінде емес, өмірдің өзі ұсынған демократияның тарихи сабағы деп қабылдағанымыз жөн. Бұл - Елбасы мен халықтың Ата заңға адалдығын бағамдайтын тағылымды дәріс. Демократиялық жолмен сайланған тұңғыш Президент ретінде еліміздің биік мүдделерін басшылыққа ала отырып, мен референдум өткізбеу туралы шешім қабылдадым. Жұртшылықты бөлетін «референдум әлде сайлау» деген таңдаудың орнына мен халқымыздың еркі мен демократиялық қағидаттарға адалдығын ескеретін және бізді біріктіретін жолды ұсынамын. Мен өкілеттігімнің екі жылға қысқаратынына қарамастан, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгіземін. Тиісті Заң Парламентке ұсынылады", - деді Мемлекет басшысы.
"Қадірлі қазақстандықтар! Сіздердің қолдауларыңыз мен үшін мемлекет пен халық мүддесі жолында қашанда сенім мен шындықтан айнымай қызмет етуге күш беретін бастау болады. Алдымызда әлі атқарылатын қыруар істер бар. Біз индустриалды-инновациялық және әлеуметтік жаңғырту бағдарламаларын батыл іске асырудамыз. Бірге кеңесе отырып ойға алған жоспарларымызды іске асырамыз және Отанымызды гүлдендіре түсеміз деп кәміл сенемін. Біз кемел келешегіміздің берік іргесін бірге қалаймыз!", - деді Елбасы.