15:04, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мәжіліс Климаттың өзгеруіне қатысты Киото хаттамасын мақұлдады
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/- Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған Киото хаттамасы негіздемелік конвенцияны тиімді іске асыру және парниктік газдардың шығарылымдарын азайту мақсатында Жапонияның Киото қаласында 1997 жылы желтоқсанның 11-інде қабылданған болатын. Бүгінгі күні бұл құжатты әлемнің 181 елі ратификациялаған. Хаттама дамыған елдердің шығарылымдарды азайтуды жүзеге асырудың және оны өлшеудің икемді тәртібін қамтамасыз ететін бірқатар тетіктерді белгілейді. Киото хаттамасына сәйкес, дамыған елдер 2012 жылға дейін парниктік газдардың шығарылымдарын азайту жөнінде өздеріне сандық міндеттеме алған болатын.
«Жер климатының антропогенді өзгеруі жаһандық экологиялық қауіп болып қана қоймай, ол әр мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және саяси салаларына әсер етіп келеді. ТМД елдерінің ішінде Ресей мен Украинадан кейін эмиссия көлемі бойынша үшінші орын алып отырған Қазақстанға да бұндай әсерлер барынша сезіліп отыр. Дегенмен де, өткен он жыл ішінде Қазақстанда Киото хаттамасы әлі де ратификацияланбай отыр. Осының салдарынан еліміз климаттың өзгеруі бойынша шешім қабылдауға дауыс беру құқығынан айырылып қана қоймай, біздің барлық экологиялық бастамаларымыз кедергілерге тап болып келеді», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов. Министрдің айтуынша, Киото хаттамасы үш нарықтық тетіктер бойынша қызмет атқарады. Оның бірі таза даму тетігі, екіншісі бірлесе жүзеге асыру тетігі, үшіншісі шығарынды квоталарының халықаралық саудасы тетігі болып табылады.
Ал хаттамаға қол қойған елдер үш санатқа бөлінеді. Бірінші, шығарылымдарды шектеу жөнінде өздеріне ерекше міндеттемелер қабылдаған ауыспалы экономикасы бар елдер. Екінші, дамыған елдерге және ауыспалы экономикасы бар елдерге көмек көрсету жөнінде өзіне қаржылық сипаттағы айрықша міндеттемелер қабылдаған елдер. Үшінші, дамушы елдер. «Жалпы алғанда Киото хаттамасын ратификациялау Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кірігу мақсатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Индустриалды-инновациялы даму стратегиясын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, дәстүрлі емес және шағын энергетиканың дамуында басымдықтарға жол ашылып, осындай жобаларға инвестициялар қарқыны күшейеді. Ал Хаттаманы ратификацияламайынша Қазақстан осы мәселелер бойынша келіссөздерге қатыса алмайды. Біз осы мақсатта тиісті мәлімдемелер жасап, дауыс беруге қатыса алмаймыз, әрі өзіміздің ұстанымдарымызды сақтай алмаймыз», деді министр Н. Ысқақов.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.