Мәжіліс комитеті ядролық қауіпсіздікке қатысты төрт конвенцияны талқылады

АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар ядролық қауіпсіздік мәселелерін қамтитын төрт бірдей халықаралық конвенцияны талқылады,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған конвенциялар - ядролық қауіпсіздік туралы, ядролық апаттарды жедел хабарлау, ядролық апат немесе радиациялық апат жағдайындағы көмек көрсету, пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі секілді мәселелерді қамтып отыр. Бұл заң жобалары Мемлекет басшысының 2007-2008 жылдардағы жолдауларын жүзеге асыру шеңберінде әзірленген.

«Бүгінгі күні еліміздегі атом энергетикасының негізін құру, ядролық энергетика саласын дамыту бағытында бірқатар белсенді шаралар атқарылуда. Осы ретте ұсынылған халықаралық конвенцияларды ратификациялау ядролық қызмет қауіпсіздігі жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне қажетті халықаралық стандарттарға сәйкес негізгі құқықтық құралдарды енгізуге бағытталады. Осының нәтижесінде атом энергетикасымен байланысқан қызметтерді жүзеге асыру, халықты және қоршаған ортаны қорғау деңгейін көтеру шаралары қамтылады. Құжаттар атом энергетикасын бейбіт пайдалану саласындағы Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығының дамуына мүмкіндік береді. Конвенцияларға қосылу атом энергетикасын бейбіт пайдаланудағы бірқатар үкіметаралық келісімдерге қол қою үшін міндетті талап болып отыр», деді конвенциялар бойынша түсінік берген Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Әсет Мағауов.

Оның айтуынша, Қазақстан қазіргі күні бірқатар елдермен атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық бойынша шаралар атқаруда. Бірақ, бұндай ынтымақтастықты жүргізу үшін алдымен жоғарыда келтірілген конвенцияларды ратификациялау талап етіледі екен.

Заң жобалары палатаның жалпы отырысына шығарылады.

Соңғы жаңалықтар