Мәжіліс құрамының жастармен толығуын қолдаймыз - А.Таниева, БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның кезектен тыс 17-інші съезінде Мәжіліс депутаттығына жастардың көбірек ұсынылып отырғандығын, сонымен қатар зейнеткерлік жасқа жеткен мемлекеттік қызметшілердің жастарға жол беруі керектігін атап өтті. Елбасының бұл ұстанымын толық қолдаймын. Бұл туралы Ақжайық ауданы Мерген ауылындағы «Балбөбек» балабақшасының меңгерушісі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Ақтоты Таниева мәлім етті.
Оның айтуынша, әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарын еңсеруге атсалысу - өзін Қазақстанның патриотымын деп санайтын әр азаматтың борышы. Қоғам өмірінің барлық саласын жаңғыртудың Ұлт жоспарын табысты жүзеге асыру үшін, ең алдымен, экономикамыз орнықты болуы керек. Ол үшін ел іргесі мықты, бірлігі берік, өзара ынтымағы зор болғанда ғана төккен тер, еткен еңбек нәтижелі болмақ. Сонда ғана алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарына жете аламыз.
«Жаңа сайлау - барлық саяси партиялар үшін халыққа көптеген көкейкесті мәселелерді шешудің жолдарын көрсетудің, халық сенімінің сынағынан өтіп, мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде Мәжілістің жаңарған құрамында өзін тиімді дәлелдеудің жаңа мүмкіндігі. Күні бүгін «Нұр Отан» партиясы атынан депутаттыққа үміткерлер тізімімен таныстық. Олардың бәрі де - өз саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, елімізді әлемдік аренада танытып жүрген азаматтарымыз. «Жас келсе, іске» демекші, тізімнен танымал жастардың есімін көріп, қуандық. Олардың жастық жігерін, сарқылмас күш-қуатын еліміздің өркендеуіне жұмсайды деген үмітім зор», - деді А.Таниева.