Мәжіліс микроқаржы ұйымдары қызметіне арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Аталған заң жобасы ұлттық заңнама актілерін «Микроқаржы ұйымдары туралы» заң жобасына сәйкес келтіруге, сондай-ақ оны қабылдаған жағдайда туындайтын құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталады. Бұл ретте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Азаматтық және Салық кодекстеріне, «ҚР Ұлттық банкі туралы» заңына, «ҚР банктер және банк қызметі туралы» заңдарға, «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» және басқа да заңнамаларға өзгерістер қарастырылады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Мәжіліс «Микроқаржы ұйымдары туралы» заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Аталған құжат микроқаржы ұйымдары қызметінің ашықтығын арттыруға, осы саладағы бақылау, қадағалау институттарын құруға бағытталады.