Мәжіліс мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады

Аталған құжат Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Үкіметке жүктеген тапсырмасының негізінде әзірленген. Заң жобасына сәйкес, жария ету нысандарына бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестері, құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес келетін құрылыстар мен ғимараттар, тиесілі емес тұлғаға рәсімделген құрылыстар, сонымен қатар, Қазақстаннан тысқары аумақтардағы жылжымайтын мүліктер жатады.

Алайда, жекелеген қылмыстарды жасау нәтижесінде алынған мүліктер жария етуге (заңдастыруға) жатпайды. Мәселен, жеке адамға қарсы және адамның конституциялық және басқа да құқықтары мен бостандықтарын бұза отырып алынған мүліктер, конституциялық құрылым мен мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы қылмыстық жолмен алынған кірістер, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық және басқа да құқық бұзушылық пен мемлекеттік қызмет мүддесіне қайшы қылмыстар жасау бойынша алынған мүліктер рақымшылыққа жатпайды.

Тоқтала кететін жайт, жария ету негізінен елдің экономикалық айналымына қосымша қаржы қаражаты мен мүліктерді тарту мақсатын көздейді. Бұл ретте заңдастырылған қаражат пен мүліктер салық салу мақсаттары үшін табыс ретінде қарастырылмайды, соған сәйкес оларға табыс салығы да салынбайтын болады. Бұдан бөлек, жария етілген мүлік субъектілері қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Айта кетерлігі, заң жобасымен жария етудің тетіктері мен құралдары да айқындалып отыр. Мәселен, қаражат пен мүлікке рақымшылық бойынша біріншіден жария етілген қаражаттарды екінші деңгейлі банктерден ашылған арнайы жинақ шоттарына аударуға болады. Аталған қаражатты оның иелері екінші деңгейлі банктерде ашылған жоғарыда айтып өткен шоттарда бес жыл бойы сақтап және сол арқылы нарықтық ставкаларға сәйкес, сыйақылар ала алады. Екіншіден, қаражатты мерзімінен бұрын пайдалануды көздейтіндер мемлекеттік бағалы қағаздарды, екінші деңгейлі банктердегі, ұлттық басқарушы холдингтер мен даму институттарының облигацияларын, «Халықтық ІРО» бағдарламасы аясында сатылатын және Қазақстан қор нарығына шығарылатын бағалы қағаздар мен акцияларды иелену жолымен экономикаға тікелей инвестициялай алады. Бұдан бөлек, рақымшылық арқылы заңдастырған қаражаттарды жекешелендірудің екінші толқыны аясындағы нысандарды сатып алуға жұмсауға да мүмкіндік туады. Ал егер азаматтар өздерінің рақымшылық аясында заңдастырған қаражаттарын жоғарыдағы инвестициялау механизмдеріне пайдаланғысы келмесе, онда өз қаражатын қалауынша жұмсай алады. Дегенмен, оларға осындай қаражатты төлеу барысында екінші деңгейлі банктер жария етілетін қаражаттың жалпы сомасынан 10 пайызы мөлшерін ұстап қалатын болады.