Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы барысында жариялылық, ашықтық ұстанымдары басты назарда болады - ОСК мүшесі - М.Сәрсенбаев

Осы ретте біз сайлау науқанының жүзеге асу барысы мен оған қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген бірқатар мәселелер жөнінде білу мақсатында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсенбаевты сөзге тарттық.
- Марат Алдоңғарұлы! Әңгімемізді Орталық сайлау комиссиясының алдағы болатын сайлауларға дайындық жұмыстарынан бастасақ...
- Мемлекет басшысының кезектен тыс Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы мен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын өткізу жөніндегі Жарлығы шыққалы бері Орталық сайлау комиссиясы мен республикадағы 9 мың 757 жергілікті сайлау учаскелері қызу дайындық үстінде. Бұл ретте біз Конституцияның 20-шы бабында сайлауға қатысты көрсетілген алқалылық, жариялылық, ашықтық деген ұстанымдарға сай жұмыс істеудеміз. Орталық сайлау комиссиясы осыған дейін бірнеше отырысын өткізді. Онда біз көбіне сайлаудың ұйымдастыру мәселелеріне екпін түсіре жұмыс істедік. Сондай-ақ біз сайлаудың күнтізбесін дайындап, оларды аймақтарға тарату, қалың көпшілікті осы күнтізбеде көрсетілген жәйттардан хабардар ету мәселелерімен айналысудамыз. Оның үстіне сайлау комиссияларының босап қалған орындары бар. Олардың да орнын толтыру керек.
Бұдан соң қазір сайлау мәселесімен белсенді жұмыс істеп жатқан органдардың бірі - әкімдіктер. Өйткені сайлаушылар тізімін жасау және нақтылап отыру осы мемлекеттік органға жүктелген. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы әкімдерден сайлаушылардың неғұрлым толық дәл тізімдерінің жасалуын талап етеді. Бұл тізімді ұдайы жаңартып, жетілдіріп отыру керек. Өйткені өмір үзіліссіз жүріп жатқан құбылыс. Сондықтан азаматтардың еліміздің бір аймағынан екінші бір жеріне көшіп баруы немесе белгілі бір себептермен өзі тұрып жатқан мекен-жайдың тізімінен шығып кетуі сияқты жәйттердің болатыны заңды. Ендеше, осы азаматтардың тізімін уақытында нақтылап, сайлаушыларды түгендеп отырудың маңызы зор. Біз сонымен қатар сайлау учаскелерінің санын көбейттік. Бұл немен байланысты? Алдында атап өткен көшіп-қону сияқты үдерістерден кейін кейбір сайлау учаскелерінде азаматтар санының тым көп болып кетуі заңды құбылыс. Бұл сайлауды талапқа сай атқаруда біршама қиындықтар тудырады. Оның үстіне, заң бойынша әрбір сайлау учаскесіндегі сайлаушылар саны 3 мыңнан аспауы тиіс. Сондықтан елде бірқатар жаңа сайлау учаскелері құрылды. Бұрын елде, нақтырақ айтқанда Президент сайлауында, 9 мың 725 сайлау учаскесі болса, қазір олардың саны 9 мың 757.
- Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кандидаттығынан үміткерлерді тіркеу кезеңі басталып кетті. Сайлауға қатысуға өтініш білдіргендер бар ма?
- Осы уақытта елімізде өтетін мәслихат депутаттарының сайлауына қатысуға 10 адам өтініш білдірді. Олардың 1-уі Қызылорда облысынан, 9-ы Маңғыстау облысынан. Қызылорда облысынан өтініш берген 1 азамат облыстық мәслихат депутаттығынан дәмелі, Маңғыстаудан өтініш берген 9 азамат аудандық мәслихат депутаттығынан үмітті. Ал Мәжіліс сайлауына қатысқысы келетіндер әзірге жоқ. Бұл заңды да. Өйткені Мәжіліс депутаттарына кандидаттарды партиялар ұсынады. Ал Мәжіліске өзінің партиялық тізімін ұсынғысы келетін партиялар алдымен өздерінің жиынын өткізіп, сайлауға түсетін адамдарды таңдайды, тізімді бекітеді. Партияларда осы сияқты белгілі бір уақытты қажет ететін процедуралар жетерлік. Сондықтан олар әзірге өздерінің үміткерлерін ұсынып үлгере қойған жоқ.
- Мәжіліс немесе мәслихат депуттатарының сайлауына түсу үшін міндетті түрде белгілі бір партияның мүшесі болу керек пе?
- Егер сіз Мәжіліс депутаттығынан үміткер болғыңыз келсе, онда міндетті түрде белгілі бір партияның өкілі болу керексіз. Өйткені Мәжіліске депутат болатын азаматтарды міндетті түрде партиялар ұсынады. Ал мәслихат депутаты болу үшін партияның мүшесі болу міндетті емес. Мәслихат депутаттығынан үміткерлерді сол мәслихаттардың өздері ұсынады немесе еліміздің азаматтары өздерін өздері ұсына алады.
- Депутат болғысы келетін азаматтарға сайлауға қатысу үшін қандай талаптар қойылады?
- Парламент Мәжілісіне депутат болу үшін қойылатын бірінші талап, сайлауға түсетін адам міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Екіншіден, ол азаматтың жасы 25-тен асқан болуы керек. Үшінші талап, депутаттықтан үміткер болғысы келетін азамат Қазақстан аумағында 10 жыл тұрақты тұрған болуы қажет. Осы үш талаптың біреуі сәйкес келмеген жағдайда депутаттықтан үміткер болғысы келетін азамат сайлауға түсе алмайды.
Мәслихат депутаты сайлауына түскісі келетін азаматтарға қойылатын талаптар да осындай. Тек мәслихат депутатының сайлауына 20 жасқа толған азаматтар да түсе алады. Сондай-ақ мәслихат депутаты тек бір аймақтың ғана депутаты бола алады
- Орталық сайлау комиссиясы осы сайлауларда байқаушылармен жұмысты қалай жүргізбек?
- Осы уақытта елде байқаушылар институты ашылды. Оны бекіттік. Ол туралы Сыртқы істер министрлігіне арнайы хат жіберілді. Соңғы өткен сайлауда 1 мыңнан астам шетелдік және халықаралық ұйымдардың байқаушылары тіркелді. Байқаушылар саны осы жолғы сайлауларда да солай болады деген болжам жасап отырмыз.
- Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына қанша қаржы бөлінді?
- Мәжіліс пен мәслихат сайлауына бөлінген қаржы 8 миллиард теңге. Аталмыш қаржы сайлау үдерісіне атсалысатын азаматтардың атқарған істері үшін жалақы ретінде төленеді. Сонымен қатар бұл қаржы сайлау барысындағы қажетті кеңселік заттарды сатып алу, сайлау комиссиясы мүшелерінің жол жүру ақысы сияқты шығындарға, сондай-ақ мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт жұмысының заңмен белгіленген бағыттарына жұмсалмақ.
- Сұхбатыңызға рахмет!