Мәжіліс салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салықтық және кедендік әкімшілік жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Мәжіліс салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған заң жобасын мақұлдады

Аталған заң жобасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 39, 65, 67 қадамдарын іске асыруға бағытталады. Бұл ретте салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру жолымен қолайлы кәсіпкерлік ортаны қалыптастыру көзделеді. Сонымен қатар, салық саясатын одан әрі жетілдіру арқылы тұрақты дамуға, бизнесті кеңейтуге, олардың бәсекелестігін ынталандыруға бағытталған нормалар енгізіледі.

«Бұл ретте 2015 жылғы 1 қаңтардан 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін екінші деңгейлі банктеріне ҚР Ұлттық банкінің ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына кіретін берешекті кешіру кезінде жеке табыс салығынан босату ұсынылып отыр. Ал Астана және Алматы қалаларының әуежайларын қоспағанда, әуежай инфрақұрылымдары бойынша заңды тұлғалар үшін мүлік салығының мөлшерлемесін 1,5 пайыздан 0,1 пайызға төмендетіледі. Сонымен қатар, тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жеке табыс салығын төлеу кезінде салық салынбайтын табысты 55-тен 75 ең төменгі жалақыға дейін ұлғайту қарастырылады. Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдарға қозғалтқыштың көлемі 3000 текше сантиметрге дейінгі бір жеңіл автокөлік және бір автобус бойынша көлік құралдары салығына жеңілдіктер беріледі», - дейді құжаттың жаңалықтарымен таныстырған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Оның айтуына қарағанда, заң жобасында тауарларды импорттау кезінде қосылған құн салығын есепке алу әдісімен төленетін нормалардың қолдану мерзімі 2022 жылға дейін ұзартылады.

Бұдан бөлек, заң жобасында кіші және аса кіші авиацияны дамыту мақсатында азаматтық авиация бойынша сертификаттауда бірқатар алымдар алынып тасталады.

Сонымен қатар, салық салу саясатына орай, мұнай өндіру кезінде өнеркәсіптік ілеспе газдың өзіндік құнын анықтау формулалары бекітіледі. Шикі мұнай мен мұнай өнімдерін баррелизациялау коэффицентін анықтау тәртібі бекітіледі.

«Тұтастай алғанда, салық кодексіне ұсынылып отырған түзетулер әкімшілік тиімділігіне, бизнесті оңтайландыруға, салық базасын кеңейтуге және мемлекеттік қызмет көрсетуді жақсартуға бағытталып отыр. Бұл ретте заң жобасын қабылдау қолайлы бизнес ортаны құруға, мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын іске асыруға және одан әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму үшін ықпал ететін болады», - деді министр Ерболат Досаев.