14:42, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Мәжіліс: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жалған кәсіпкерліктің жолын кесу, жедел-іздестіру қызметіне қатысты заң жобалары қаралды
АСТАНА. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Палатаның жалпы отырысының күн тәртібіне бірқатар заң жобаларын қарау ұсынылады.
Бұл жөнінде бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен өткен осы Палата Бюросының отырысында ортақ шешім шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Атап айтқанда, еліміздің бірнеше заңдарына сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күресті одан әрі күшейту, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті қатайту, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша енгізілетін түзетулер бірінші оқылымда қаралады. Салалық комитеттердің ұсынысы бойынша кейбір заңнамалық актілерге жалған кәсіпкерліктің жолын кесу мәселелері бойынша енгізілетін толықтырулар екінші оқылымда қаралады. Сол секілді қылмыстық жазалауды орындау жүйесін және қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ жедел-іздестіру қызметі мәселелеріне қатысты заң жобалары екінші оқылымда талқыға салынады.Бюро отырысында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссияның бірінші отырысының жұмысына депутаттардың қатысуы туралы мәселе қаралды.