Мәжіліс төрағасы Президентке палата жұмысы туралы баяндады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулинді қабылдады.

Мәжіліс төрағасы Президентке палата жұмысы туралы баяндады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесуде Президент Жолдауын тиімді іске асыру және «Қазақстан - 2050» Стратегиясын құқықтық қамтамасыз ету үшін қажетті заң жобалары талқыланды.

Н.Нығматулин Мемлекет басшысын Парламент Мәжілісінің заңнамалық қызметі жөнінде хабардар етті, сондай-ақ Президент Жолдауын түсіндіру үшін депутаттардың өңірлерге сапарының қорытындысы туралы айтты.

Мәжіліс төрағасы парламентшілердің халықпен жалпы саны 1300-ден аса кездесуі өткенін, оған 140 мыңдай адам қатысқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, Н.Нығматулин V сайланымдағы Парламент жұмысы кезеңінде 255 заң жобасы қарау үшін қабылданғанын, оның 21-іне депутаттардың бастамашылық еткенін атап өтті. Сенатқа 183 заң жобасы жолданған, қазір оның 173-і заңға айналды. Бүгінде Мәжілістің заңнама қоржынында 60 заң жобасы қаралуда.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы бірқатар нақты міндеттер жүктеді.