Мәжіліс Төрағасының орынбасары Франция Ұлттық Ассамблеясының депутатын қабылдады
әуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов Франция Республикасының Ұлттық Ассамблеясының депутаты Тьерри Мариани мырзамен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жүздесу барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары франциялық әріптесіне өткен жылғы Франция Республикасының Президенті Николя Саркозидің Қазақстанға жасаған ресми сапары нәтижесінде екі ел арасындағы стратегиялық байланыстар өркен жайып келе жатқаны жайында әңгімеледі. Сонымен қатар, парламентаралық байланыстарды тереңдете түсуге тоқталған вице-спикер, бұл бағытта екі ел парламентшілерінің «Достық» топтарының жұмысын жандандырып, жиі басқосулар өткізу қажеттігіне тоқталды. Өз кезегінде мейман алдағы уақытта заң шығармашылығы бойынша тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстан Парламентімен тығыз байланыс одан сайын жақсара түсетініне сенім білдірді. Сондай-ақ, Т. Мариани мырза Қазақстанның ЕҚҰЫ-ға төрағалығының маңыздылығын айтып, бұл миссияны сәтті жүзеге асыруға тілектестігін жеткізді. Сонымен қатар тараптар әңгіме барысында Орталық Азия мен Қырғыз еліндегі саяси жағдайларға да тоқталды.
Кездесуге Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қабиболла Жақыпов пен Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Сансызбай Есілов қатысты.