Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мәжіліс: Жұмыс тобы «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқыға салды

АСТАНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің жұмыс тобы «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқыға салды,

Мәжіліс: Жұмыс тобы «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқыға салды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Республикалық бюджеттің кірісі мен шығыстары министрліктер бойынша талқыланып болды. Қазір депутаттардан түскен ұсыныстар салыстырма кесте бойынша қаралуда. Жұмыс тобының жетекшісі, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Серік Оспанов қаржы саласына қатысты қанша ұсыныстар жасалғаны жөнінде түсінік беріп өтті.

Отырыста депутаттар Кенжеғали Сағадиев, Иван Чиркалин, Владимир Нехорошев, Валерий Вишниченколар өз пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, депутат Мұхтар Тінікеев келесі жылы қаңтардың 1-інен бастап мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақысына 25 пайыз үстеме ақы қосылуы үшін Үкіметтің қаржы табуы қажет екенін айтты. Айта кету керек, Мемлекет басшысының халыққа арнаған жолдауларына сәйкес мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы 2009-2010 жылдары 25 пайызға, 2012 жылы 30 пайызға арттырылуы қажет болатын. Биыл қаңтардың 1-інде үстеме қосылғанымен, ұсынылып отырған бюджет жоспарында келер жылы шілденің 1-інен бастап 25 пайызға көтерілетіні қарастырылған. Осы мәселеге қатысты депутаттар наразылығын білдіруде.

Жұмыс тобының отырысында депутаттар Мұрат Ахмадиев пен Шалатай Мырзахметовтер қаңтардың 1-інен бастап 25 пайыздық үстеме ақыны мұғалімдер мен дәрігерлерге де, сонымен қатар мәдениет, өнер, кітапхана, мұражай, яғни, барлық әлеуметтік сала қызметкерлеріне де қосу керектігін ескертті.

Отырысқа қатысқан ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов депутаттардың сұрақтарына жауап берді. «Құрылысы жүріп жатқан білім беру және денсаулық сақтау мекемелеріне арналған нысандарды салуға, басталған жұмысты тоқтатпауға баса мән беріліп отыр. Ал әлі құрылысы басталмаған жобаларды қаржыландыру келесі жылдарға қалдырылады»,- деді министр Б.Сұлтанов.

Жұмыс тобының жетекшісі Серік Оспанов келесі отырыс сейсенбі, қазанның 6-сы күні болатынын хабарлады.