Мәжілісте атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға арналған заң жобасының таныстырылымы өтті

АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде «Атом энергиясын пайдалану» туралы заң жобасының таныстырылымы өтіп, депутаттар жобаның тұжырымдамасын талқылады,

Мәжілісте атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға арналған заң жобасының таныстырылымы  өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Энергияның осы түрін пайдаланудың бірқатар ерекшеліктері бар. Бұл басқа энергия көздерімен салыстырғанда экологиялық тұрғыдан таза болғанымен, аса қауіпті болып табылады. Сондықтан атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті, ондағы жауаптылықты заңмен бекітудің қоғам үшін, халық үшін маңызы зор. Сол үшін де бұндай заң жобасын жан-жақты талқылауда депуаттық корпусқа жанжақты міндеттер жүктеледі», деді жиын барысында комитет төрағасы Ерлан Нығматулин.

Тоқтала кететін жайт, Қазақстанда «Атом энергиясын пайдалану туралы» қолданыстағы заң 1998 жылғы сәуірдің 14-інде қабылданған болатын. Бұл құжат атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық негізін белгілейді. Сонымен бірге, адамдардың денсаулығы мен өмірін қорғауға әрі ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған болатын.

«Ал жаңа редакциядағы заң жобасы 10 жылдан астам уақыт бойы осы салада жинақталған білім мен тәжірибенің негізінде әзірленіп отыр. Осы кезең ішінде Қазақстан «Ядролық қауіпсіздік туралы конвенцияны», «Пайдаланған ядролық отынмен қауіпсіз жұмыс істеу және радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу туралы біріккен конвенцияларға» қол қойған болатын. Бұдан бөлек, 1999 жылдан бастап жоғары байытылған пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеуді қамтитын БН-350 реакторын пайдаланудан шығарудың ауқымды және техникалық жағынан күрделі жобалары іске асырылуда. Ал жаңа заң жобасын қабылдаудағы мақсат аталған саладағы заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру және атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудегі олқылықтар мен басқа да кемшіліктерді жою болып табылады», - деді Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов.